МТРА жаңалықтары

Қалалық қоғамдық кеңестің отырысы өтті

Бағаға құрық бар ма? Қалада жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің 7 түрінің құны қымбаттаған. Ал кейбірінің сомасы әр жерде әр түрлі. Бағаны тұрақтандыру мәселесі қоғамдық кеңестің кезекті отырысында сөз болды.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің құны шарықтап кетпеуі үшін қала әкімдігі 54 кәсіпорынмен бағаны тұрақтандыру жөнінде келісімшартқа отырған. Бірақ, кейде бұл мәміле орындалмай жатады. Мәселен, жыл басынан бері облыс орталығында халық бірінші кезекте тұтынатын 7 өнімнің құны өскен. Айталық, орамжапырақ бірден 56 теңгеге қымбаттаса, ірімімшік – 29, ал күріштің бағасы 232-ден 251 теңгеге дейін көтеріліпті. Ал кей тауар түрлері керісінше, арзандаған.

Евгения Сальникова – қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

– Күнбағыс майы – 1, картоп – 2,9, қант – 0,9, макарон өнімдері 1,9 пайызға төмендеді. Ал әлеуметтік маңызы бар тағы 7 азық-түлік өнімінің бағасы 2018 жылдан бері өзгерген жоқ. Ол – бірінші сортты ұннан жасалған нан, қарақұмық, сиыр еті, май, сәбіз, тұз және жұмыртқа.

Осы ретте қоғамдық кеңес өкілдері жұмыртқа бағасының әр жерде әр түрлі екендігін айтып, оған не себеп екендігін сұрастырды.

Евгения Сальникова – қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

– Мысалға, «Тайга» базарын алатын болса, ол жерде 4 кәсіпорын жұмыртқа сатады. Және олардың түрлері де, сапасы да әр түрлі. Оның үстіне бизнесмендер орынды жалға алады, кәсіпкер ретінде салық төлейді, яғни осындай шығындары көп. Сондықтан, олар өнім құнын ұстап тұра алмайды. Алайда, дәл сол қатарда тұрақтандыру қорының нүктесі де бар. Ол жерде жұмыртқа арзан, 175-185 теңгеге саудаланады. Осындай жағдай барлық сауда орындарында қарастырылған.

Қоғамдық кеңестің кей өкілдері көптеген азық-түлік өнімдерінің бағасы тұрақты деп қол соғуға әлі ерте дейді. Өйткені, жағдай өзгеруі мүмкін.

Александр Казанцев – қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі:

– Жаз айларында әлеуметтік сала мамандары мен бюджеттік қызметкерлердің жалақысы көтеріледі. Ал біз бағалардың нақ осы еңбекақы артқанда өсетіндігін білеміз. Сол себепті, бұл мәселені ерте талқылап жатқан сияқтымыз.

Осыған байланысты кеңес мүшелері бұл сауалды тамыз айында тағы бір қарастыру керек деген шешімге келді.

Саят Ермек