Қоғам

Ағайын ауылдағы түйткілдерді шешуге белсене араласулары тиіс

Тұрғындар әкімдерге ғана сенбей, өздері тұратын ауылдарын көркейтуге қатысулары тиіс. Жұртшылықтың белсенділігін арттыру мақсатында жергілікті өзін-өзі басқару институты жаңа бағдарламаны жүзеге асыруда. Жоба аясында мамандар әкімдермен тікелей жұмыс істеп, округті дамыту жоспарын құру және бюджетін бекітуге тұрғындарды бірлесе тартатын болады. Барлығы ерікті түрде.

Ауылда тұратын ағайын жергілікті атқамінерлердің атқарып жатқан жұмысына, өздері тұрып жатқан елді мекендерді дамытуға көп араласа қоймайды. Егер жұртшылық белсенділік танытса, мұндағы проблемалар жылдам шешімін табады. Сондықтан, биыл ауыл тұрғындарына арналып жаңа бағдарлама әзірленді. Оның авторы – жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту институтының директоры Сергей Худяков. Ол қазір Қызылжар ауданының тұрғындарымен тілдесуде. Сөзінше, бағдарламаның арқасында тұрғындар округ, одан қалды селоның бюджетін жоспарлауға қатысатын болады. Осылайша, жергілікті қазынадағы қаражатты жұмсау бойынша әкімнің шешімдеріне тікелей ықпал ете алады.

Сергей Худяков – Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту институтының директоры:

– Қолданыстағы заңға сәйкес жергілікті тұрғындар әкіммен бірлесе отырып, елді мекеннің проблемаларын талқылауға, оларды шешу бойынша жоспар құруға қатысуға құқылы. Ал әкім жұртшылықтың бұйымтайларын ескеруі тиіс. Алайда, азаматтардың көпшілігі бұл құқықтарын білмейді. Сондай-ақ, оларға біреудің құлақ асатынына сенбейді. Мен тұрғындарға мүмкіншіліктері туралы түсіндірудемін.

Мұнымен Ирина Рыбакова да келіседі. Ол – Қызылжар ауданындағы Архангельск ауылдық округінің әкімі. Қарамағына / 2 мыңнан астам тұрғыны бар Архангельское және Новокаменка ауылдары кіреді. Былтырдан бері округтің өз бюджеті бар. Ол 17 млн теңгеден сәл асады. Архангельское селосында жол жөндеу қажет, ал Новокаменкада балалар және спорт алаңқайлары жоқ. Сондықтан, ақшаны оңтайлы жұмсауды жоспарлауда тұрғындар тарапынан көмек болса жақсы болар еді дейді атқамінер.

Ирина Рыбакова – Архангельск ауылдық округінің әкімі, Қызылжар ауданы:

– Бюджетті жоспарлау үшін біз әр үш ай сайын округ тұрғындарымен жиналыс өткіземіз. Кезекті жиын келесі аптаға жоспарланған. Мұнда біз жұртшылықтың базынасын тыңдап, қолда бар қаражатты қайда құю қажеттігін шешеміз. Алайда, жиналыстарға тұрғындарды тарту қиын. Олар әкімдік жасап береді деп күтеді, ал өздері ұсыныс жасап, көмек қолын соза қоймайды.

Семинар барысында Сергей Худяков тұрғындарды белсенділікке шақырады. Халықты жергілікті өзін-өзі басқаруға тартқысы келетін әкімдермен ол басқарып отырған институт меморандумға отыруға дайын. Бұл келісім аясында округті дамыту жоспарын құруға жұртшылықты жұмылдыру бойынша тегін көмек көрсетілмек. Яғни, елді-мекеннің дамуына кедергі боп тұрған проблемалар мен оларды шешу жолдары арнайы презентацияға енгізіліп, жергілікті жұртшылықтың жиналыстарында талқыланбақ.

Саят Ермек