Қоғам

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы туралы заң жобасы әзірленуде

Елімізде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы туралы заң жобасы әзірленіп жатыр. Жаңашылдыққа сәйкес пәтер иелері кооперативтерінің жұмысы тоқтауы мүмкін. Ал оның орнына сервистік компаниялар пайда болады. Осылайша, баспаналарға қызмет көрсету басқаша ұйымдастырылмақ.

Қазір Парламент Мәжілісінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы туралы заң жобасы қаралып жатыр. Келешекте депутаттардың талқылауындағы дәл осы құжат негізінде бірнеше жаңашылдық пайда болмақ. Мәселен, көпқабатты әр баспанада бірыңғай ақпараттық жүйе іске қосылады. Оған тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарын жолдайды, ай сайын беріп отырған ақшаларының қайда және қалай жұмсалып жатқандығын тексереді.

Сергей Худяков – ПИК қауымдастығының төрағасы:

– Сонымен қатар, заң жобасы еліміздегі бизнестің өркендеуіне де мүмкіндік жасайды. Жаңашылдыққа сәйкес ПИК төрағаларының жұмысы тоқтайды. Оның орнына сервистік компаниялар пайда болмақ. Баспана иелері белгілі бір көлемдегі ақшаны ай сайын сол ұйымға беріп отырады. Кәсіпорын өкілдері өз кезегінде шатырды жөндейді, ауланы тазалайды, жедел сатыларды қалыпқа келтіреді. Бір сөзбен айтсақ, үйдің күтіміне қатысты барлық істі атқарады.

Осы жерде мәселе туындайды. Қазіргі күні Петропавлда жалғыз ғана сервистік компания бар. Оны Юрий Командриков басқарады. Бірақ, заң жобасы бекітілмегендіктен, оның City Group атты серіктестігі жұмысын әлі бастамапты. Дегенмен, жерлесіміз қазір 4 бірдей ПИК төрағасы қызметін атқарады. Болашақта азамат осы ұйымдарды біріктіріп және таға да басқа үйлерді қатарына қосып қызу еңбек етуге ниетті.

Юрий Командриков – “City Group” ЖШС директоры:

– Қазір көптеген ПИК ісіне тұрғындардың көңілі толмай жатыр. Сондықтан, сервистік компанияларға басымдық берілуде. Менің ойымша бұл дұрыс. Себебі, мұндай ұйымдарда жұмыс сапалы жүргізіледі. Әрі мамандар саны жеткілікті болады. Әйтпесе, қазір копперативтерде кейбір қызметкерлердің қатары аз. Немесе мүлде жоқ. Мысалы, менің қарамағымда 1 сантехник бар. Ол 3 үйдің шаруасымен айналысады.

Юрий Командриков айтып тұрған сантехнигтің есімі – Олег Тарасенко. Маман жалғыз өзіне жұмыс істеу оңай емес екендігін айтады. Әсіресе, көктем-күз мезгілінде еңбек ету қиынға соғатын көрінеді.

Олег Тарасенко – “City Group” ЖШС сантехнигі:

–  Заң жобасы қабылданса сервистік компанияларда жұмысшылардың саны артар еді. Мысалы, менің қасыма тағы 1 немесе 2 сантехник келеді. Соның арқасында бәріміз істі бірлесіміз тындырып тастаймыз. Аула тазалаушы, электриктердің де қатары көбейеді. Нәтижесінде үйдің жағдайы жақсарары сөзсіз.

Жалпы, бүгінгі күні Петропавлда 1074 көпқабатты тұрғын үй бар. Ал облыс бойынша көппәтерлі баспаналардың саны 1700 жақындайды. Осы нысандардың 400-ден астамы күрделі жөндеуді талап ететіндігін айта кетейік.

Байболат   Култанов