Көлік бақылау инспекциясының мамандары жүк көліктерін тексеруде

Көлік және жолдар

9:51 11 Сәуір 2019

Жыл басынан бері көліктік бақылау инспекциясының мамандары жүк машиналарын тізгіндегендерге қатысты 40-қа жуық хаттама толтырып, 5 жарым млн теңге айыппұл салған. Өйткені, олар ережелерді сақтамай, белгіленген салмақты асырған. Ал көктемгі су тасқыны кезінде өңірде тіптен жүк көліктеріне шектеу қойылыпты.

«Южный» бақылау бекеті. Машиналар осы тас жол бойымен күні-түні ағылып жүреді. Сондықтан, облыстық көліктік бақылау инспекциясының мамандары нақ осы жерге арнайы таразы орнатқан. Ондағы мақсат – жүк көліктерінің салмағын анықтау.

Андрей Марков – СҚО көліктік бақылау инспекциясы басшысының орынбасары:

– Егер ауыр жүк көліктері белгіленген салмақ мөлшерін сақтамаса, онда ол жол қабатының бұзылуына әкеп соғады. Әсіресе, көктемгі су тасқыны кезінде жолдар тез бүлінеді. Сол себепті, өңірде наурыздың 23-і мен мамырдың 1-і аралығында жүк көліктеріне шектеу қойылған. Яғни, олардың бір доңгелегіне түсетін салмақ бұрынғыдай 10 емес 8 тонна болуы тиіс.

Мұндай шектеудің халықаралық тасымалмен айналысатындарға, азық-түлік пен дәрі-дәрмек, мұқтаж жандарға гуманитарлық көмек жеткізушілерге және төтенше жағдай орын алған аумақта еңбек ететіндер мен жол құрылысына қажетті материал тасып жүрген жүк көліктеріне қатысы жоқ.
Ал мына Камазды мамандар жіті тексеріп, таразыға қойды. Заңбұзушылық тіркелмеді, машина салмағы нормаға сай. Мұнымен бақылау шаралары аяқталмай, жүргізуші арнайы жылжымалы бекетке өтіп, құжаттары да қаралды. 25 жылдан бері Камаз тізгіндеп жүрген Вячеслав Суспицын ережелерді үнемі қатаң сақтаймын дейді.

Вячеслав Суспицын – «Сервис Жарс» ЖШС жүргізушісі:

–  Мен майлы және дәнді дақылдарды тасымалдаймын. Қазір бір базадан екіншісіне тұқым апарып жүрмін. Күнде жүреміз. Сондықтан, ережелерді жақсы білемін. Заңды бұзбауға тырысамыз.

Бірақ, Вячеслав Суспицын сынды белгіленген ережелерді сақтамай нормадан тыс жүк таситындар да бар.

Андрей Марков – СҚО көліктік бақылау инспекциясы басшысының орынбасары:

– Өткен жылы мамандар заңды бұзғандарға қатысты 773 әкімшілік іс қозғады. 168-і техниканың нормадан тыс жүк тасымалдау туралы. Айыптыларға 18 млн теңгенің айыппұлы салынды. Ал биыл қаңтардың 1-інен бері тиісті ережені сақтамаған жүк көліктерінің жүргізушілеріне 37 әкімшілік хаттама толтырылып, 5,5 млн теңге айыппұл белгіленді.

Жалпы, мамандардың айтуынша жүк машиналарын тексеруде жылжымалы көліктік бақылау бекеттерінің тигізер көмегі көп екен. Қажетті құрал-жабдықтармен жарақталған әрбіреуінің құны шамамен 25 млн теңге тұратын көрінеді. Әзірге, өңірде осындай 2 көлік қана бар. Оның бірі «Жаңа жол» бекетінің маңына орналастырылса, екіншісі облыс аудандарын аралау жұмыстарына тартылған.

Мағжан Ахмадина

Бұдан әрі оқыңыз