МТРА жаңалықтарыАптадағы маңызды жаңалықтар

Аз қамтылған отбасыларға көрсетілетін атаулы әлеуметтік көмек мөлшері артты

Табысы мен тұрмысы төмен қазақстандық жанұяларға төленетін атаулы әлеуметтік көмек мөлшері артты. Енді аз қамтылған отбасындағы әрбір балаға ай сайын шамамен 21 мың теңге берілетін болады. Сондай-ақ, кейдейлік шегі енді ең төменгі күнкөріс деңгейінің жартысына емес, 70 пайызына тең. Бұл өзгерістер Қазақстан бойынша сәуірдің 1-інен бастап күшіне енді.

Саят Ермек – тілші:

– Халықтың бақуатын арттыру – мемлекет дамуының басым бағыты. Тұрмысы төмен жанұялардың жағдайын билік жақсартпақ ниетте. Сондықтан, аз қамтылған қазақстандық отбасыларға арналған атаулы әлеуметтік көмек сәуірдің 1-інен бастап жаңартылды. Біріншіден, жәрдемнің көлемі өсті, екіншіден, ол қолжетімдірек бола түсті.

Наталья Суховитская жұбайымен бірге 2 ұл және 2 қыз тәрбиелеп отыр. Үлкені 13-те болса, кенжесі – 3-те. Ерлі-зайыптылар мектептен кейін білім қумаған. Отағасы – тракторшы, соңғы бірер жылдың ішінде екі рет инфаркт алған. Сол себепті, толыққанды жұмыс істеуге мүмкіншілігі жоқ. Кенже қызын балабақшаға беріп, нәзікжандының сатушы болып қызметке тұрғанына да көп уақыт өтпеген. Отбасының тұрмысы төмен, сондықтан үшінші жыл атаулы әлеуметтік көмек алып келеді. Осы айдан бастап оның көлемі біршама артпақ. Мәселен, жылдың алғашқы үш айында жәрдемақы сомасы 40-50 мың теңгенің маңайында болса, енді шамамен 114 мың теңге қолға тиетін болады.

Наталья Суховитская – көпбалалы анна:

– Әрине, қуаныштымыз. Себебі, үш бөлмелі пәтерді 50 мыңға жалдап тұрып жатырмыз. Оған қоса коммуналдық төлемдер бар. Балаларды асырауға, киіндіруге, балабақшаға төлеуге қаражат жетіспейтін. Енді жағдайымыз түзелуі тиіс. Біздің арманымыз – пәтер алу. Мүмкіндік болса ақырындап ақша жинағымыз да келеді.

Жаңартылған атаулы әлеуметтік көмекті табысы төмен, көпбалалы кез келген отбасы ала алады. Басты шарт – жанұяға түсетін айлық табысты оның әр мүшесіне мүшесіне бөлгенде – көп дегенде 20 мың 789 теңгеден, яғни кедейлік шегінен жоғары болмау керек. Сонда ғана тиісті көмек көрсетілмек. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасына сәйкес ай сайын аз қамтылған отбасыдағы әр балаға 20 789 теңгеден төленетін болады. Бұл – кепілді жәрдем.

Данияр Асылбеков – қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы:

– Ал отбасының ересек мүшелері үшін көмек басқаша есептеледі. Мемлекет оларға жанұядағы жан басына шаққандағы табыс пен кедейлік шегінің сомасы арасындағы айырмашылықты төлейтін болады. Сондай-ақ, сәуірдің 1-інен бастап АӘК төлеу уақыты да ұзартылды. Шартсыз ақшалай жәрдем енді 3 ай емес, жарты жыл көрсетілетін болады, ал шартты көмекті отбасылар 6 ай емес, 1 жыл ала алады.

Ал шартты-шартсыз көмек дегеніміз не? Бұл – атаулы әлеуметтік жәрдемнің екі түрі. Алғашқысы жанұяда еңбекке қабілетті адам болмағанда беріледі. Ал отбасында қызметке қауқарлы жан бола тұра, ол жұмыс таба алмай жүрген жағдайда шартты көмек көрсетіледі. Алайда, манағы еңбекке қабілетті жанұя мүшесі міндетті түрде екі қолға бір күрек табуы тиіс.

Саят Ермек – тілші:

– Атаулы әлеуметтік көмекті кімнің ала алатыны түсінікті. Ал оны қалай рәсімдеуге болады? Бұл үшін баяғыдай бума-бума құжат жинаудың қажеті жоқ. Қолда тек жеке куәлік пен банк шотының нөмірі болса жеткілікті. Қалған ақпараттың барлығы бірегей базада бар. Азаматқа тек өтініш білдіру қажет.

Өтініш Петропавл қалалық жұмыспен қамту орталығында жазылады. Жалпы, жыл соңына дейін 692 табысы төмен петропавлдық жанұяға атаулы әлеуметтік көмек көрсету жоспарланып отыр. Бұл мақсатта республикалық қазынадан 375 млн теңге бөлініпті. Соңғы үш айдың ішінде ақшалай жәрдемді 206 отбасы алып үлгерген.

Саят Ермек