Балалар

Жерлес студент бүкіләлемдік кәсіби шеберлік байқауына қатысады

Жыл сайынғы бүкіләлемдік “WorldSkills” чемпионатында 70 елден ең үздік мамандық иелері жиналады. Олар өзара сынға түсіп, сала үздігін анықтайды. Биылғы әлем біріншілігі тамызда Қазан қаласында өтпек. Байқау бағыттарының бірінде Қазақстан намысын петропавлдық студент қорғайды.

19 жастағы Виктор Веселовқа үй тұрғызу деген түк емес. Гипсокартон, цемент – оның келешектегі мамандығы осы материалдармен тікелей байланысты. Болашақ құрылысшы өзінің кәсіби шеберлігін Мәскеудегі халықаралық “WorldSkills” додаcында дәлелдеді. Қанжығада – 3-ші орын. Ресей, Қазақстан, БелАрусь және Өзбекстан. Бұл 4 елден келген 8 студент қарапайым құрылыс материалдарынан құрылым жасап, сынға түскен. Солтүстікқазақстандық бозбала 8 қарсылының 5-уінен оза шапты.

Виктор Веселов, Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінің студенті:

– Құрылыс жұмыстары екі модульден тұрды. Алдымен құрылымды жинау, кейін оны сылап, қабырғаларын тегістеу қажет болды. Осы шаруаны тындыру үшін небәрі 8 сағат берілді. Жұмысты сапалы атқаруға бұл уақыт аздау. Қазылар салынған нысанның сыртқы келбетін, өлшемін, бұрыштардың түзулігін, қабырғалардың тегістігін бағалады.

Бірінші кезеңнен кейін ұпай саны бойынша Виктор қарсыластарынан сенімді алда келе жатқан екен, бірақ қабырғаларды цементпен сылап, тегістеу кезеңінде студенттің сәл ғана жолы болмаған. Виктор байқаудағы қателіктерінен сабақ алып, шеберлігімді ары қарай шыңдай түсемін дейді. Ал оған жетекшісі әрі тәлімгері Евгений Смирнов көмектеседі. Ол мұндай кәсіби шеберлік сайыстарының талайында топ жарған. Қазақстан чемпионы, “ЕuroSkills” жүлдегері – айта берсең ауыз талады. Енді өзінің білген-түйгенін ізбасарына үйретуде.

Евгений Смирнов, Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінің өндірістік оқыту шебері:

ауд: “Виктор өзге қатарластарымен бірге маған тәжірибеден өтуге келді. Мен оларға құрғақ құрылыстың қыр-сырын үйреттім. Өзіме шәкірт таңдау үшін студенттер арасында сайыс өткізген болатынмын. Виктор 3-ші орын алды. Бірақ, бәрібір мен оны ізбасарым ретінде таңдадым. Себебі, басқа балалардың көздерінде болмаған от онда болды. Бірнеше айлық жаттығуларымыз зая кетпеді.

Айта кеткен жөн, өткен жылдың соңында Виктор “Worldskills” чемпионатының республикалық кезеңінде топ жарған. Оған қазір Қазақстанда бірде-бір студент тең келмейді. Шеберлікті енді халықаралық деңгейде дәлелдеу қажет. Сондықтан, тамыздың 22-сі бозбала Қазақстан намысын әлем біріншілігінде қорғайды. Ол Ресейдің Қазан қаласында өтпек.

Саят Ермек