МТРА жаңалықтары

“Қызылжар су” апаттық құбырларды алмастыруда

10 бірлік техника мен 30 жұмысшы. Осымен екінші күн “Қызылжар су” мамандары Жамбыл көшесі арқылы өтетін кәріздік құбырларды алмастыруда. Бұл учаскеде жөндеу жұмыстары жарты ғасыр бойы жүргізілмепті.

Апаттық деп танылған кәріздік құбырларды алмастыруды “Қызылжар су” мамандары дүйсенбі күні бастаған. Қазір учаскеде шаруа қызу жүріп жатыр. Мұнда 30 шақты адам мен 10 бірлік техника жұмыс істеуде. Жоспарда – ескі кәріздік құбырлардың 5 шақырымын алып тастап, орнына жаңасын орнату. Бұған бөлінген қаржы – 120 млн теңге.

Ербол Нәбиев, “Қызылжар су” ЖШС су тарту кешенінің бастығы:

– Жөндеу жұмыстары Жамбыл көшесінің бойында жүргізілуде. Бұл учаскедегі құбырлар 1960 жылы қолданысқа енгізіліп, бүгінде жарамсыз деп танылған. Өдеріңіз түсінгендей, олардың қызмет ету мерзімі баяғыда өтіп кеткен. Тез арада алмастырмасақ, апаттың орын алуы ғажап емес.

Мамандар диаметрі небәрі 2-3 метр болатын шұңқыр қазған. Ол арқылы азып-тозған асбест құбырлар диаметрі 60 мм болатын жаңасына алмастырылуда. Бұл пластикалық құбырлар 50 жыл қалтқысыз қызмет ете алады.

Андрей Дылдин, “Қызылжар су” ЖШС кәріздік жүйелер учаскесінің шебері:

– Біз көлденең бағытталған бұрғылау әдісі бойынша жұмыс ісеп жатырмыз. 300 метрлік тереңдіктегі ескі құбырларды бұзып, жаңасын орнатамыз.

Мамандар бұрғылау барысында жаңа әдістің көмегіне жүгінуде. Осының арқасында, жолдағы асфальт қатты бұзылмайды. Құбырларды алмастыру шаруасы ертең тәмамдалмақ. Кейін, жол жабындысы қалыпқа келтіріледі.

Саят Ермек