Балалар

Облыстық бастапқы-техникалық үлгілеу сайысы өтті

Бүгін Петропавлда бастапқы-техникалық үлгілеу бойынша облыстық байқау өтті. Сайыста қаламыздың 7 мектебі мен Қызылжар, Жамбыл және Шал ақын аудандарынан барлығы – 30 оқушы мен педагог қатысты. Олардың әрқайсысы 3 сағаттың ішінде жылжымалы модель жасап шығарулары керек болды.

Циркуль, балға, егеу, сызғыш және тістеуік. Бұл – бүгінгі сайыскерлердің ең жақын көмекшілері. Өйткені, аталған құралдарсыз жылжымалы модельді істеу қиынға соғады. Жұмысқа бар ынтасымен кіріскен Дархан Мырзағалиев техникалық дүние жасауға деген қызығушылығы мол екенін айтады.

Дархан Мырзағалиев, байқауға қатысушы, Қызылжар ауданы:

–  Мен 3 сағат ішінде самоходный үлгі жасап шығамын. Оның пішінін және қанша қашықтыққа жүретінін есептеп бағалайды.

Облыстық сайысқа қалалық мектептер мен Қызылжар, Жамбыл және Шал ақын аудандарынан келген оқушылар және педагогтар қатыcты. 30 сайыскер 3 сағат ішінде өздеріне берілген тапсырманы еш қатесіз орындап шығулары керек. Тапсырманың дұрыс орындалуы мен сапалылығын қазылар алқасы бағалайды.

Нұрбек Досбаев, Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектебінің технология пәні мұғалімі:

–  Ең бастысы бұл жұмыстың барысында әрбір детальді тазалап, дұрыстап құрастыру. Екінші қабаттағы спорт залда арақашықтықты есептейтін сайыс болады. Осы модель қанша арақашыққа жүреді, соған байланысты жүлделі орындар беріледі.

Байқау нәтижесі бойынша ең үздік деп танылған техникалық құрылғылардың авторлары мақтау қағаздарымен марапатталады.

Маржан Қасымбек