Аптадағы маңызды жаңалықтар

Елімізде кезектен тыс Президент сайлауы өтеді

Маңызды жаңалық! Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа үндеу жариялады. Мемлекет басшысы 2019 жылдың 9-шы маусымында елімізде кезектен тыс Президент сайлауы өтетіндігін мәлімдеді. Кезекті тарихи шешімнің қабылдануын теріскейлік белсенді жандар қолдап отыр.

Ақорда. Күндізгі сағат 13:00. Бұл уақытта Қазақстанда тағы да бір тарихи оқиға орын алды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық арналар арқылы халыққа үндеу жасады. Ол 2019 жылдың 9-шы маусымында елімізде кезектен тыс Президент сайлауы өтетіндігін мәлімдеді. Және маңызды шараға тұрғындарды белсенді қатысуға шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев – Қазақстан Республикасының Президенті:

– Мен мемлекет басшысы ретінде сайлаудың таза, ашық әрі әділ өтуіне кепілдік беремін. Бұл – менің берік ұстанымым. Алдымызда зор міндеттер тұр. Мен халқымызға, яғни сіздерге сенемін. Қадірлі отандастар “алтау ала болса ауыздағы кетеді, төрттеу түгел болса төбедегі келеді” – дейді дана халқымыз. Алдағы сайлауға баршаңызды барынша жауапкершілікпен қарауға шақырамын.

Расымен де Президент сайлауына баршасы асқан жауапкершілікпен қарауы қажет. Себебі, саяси науқанда тұрғындар ел тізгінін әрмен қарайтын ұстайтын жанды анықтайды. Әрі тарихи шарада бәріміз бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарсақ Қазақстан халқының бірлігі мықты екендігі тағы бір мәрте дәлелденеді. Мұндай пікірді жерлесіміз, «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС директоры Жарасбай Сүлейменов ұстанып отыр.

Жарасбай Сүлейменов – СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС директоры, бас редакторы:

– Осындай шешім қабылданды. Мұны біздің отандастарымыз түсіністікпен қабылдауы тиіс. Ендігі біздің міндетіміз – осы саяси науқанға белсенді қатысып, елдің бірлігін, тұтастығын бүкіл әлемге паш ету. Егер бұл науқан ойдағыдай өтетін болса, біздің алдағы істеріміздің бәрі де сәтті шешімін табатыны күмәнсіз.

Осы орайда көкейде Президент қандай болуы керек деген сұрақ туындайды. Бұған теріскейліктердің жауабы дайын. Солтүстікқазақстандықтар жаңадан сайланатын мемлекет басшысы тура Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтай еңбек еткенін қалайды. Яғни, жерлестеріміз ел билейтін келесі азамат Тұңғыш Президенттей Тәуелсіз Қазақстанның беделін асырып, абыройын асқақтатса нұр үстіне нұр болады дейді.

Жанар Таласпаева – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ доценті:

– Президентіміз елдің оң-теріс жақтарын болсын жақсы меңгерген, халықпен тығыс жұмыс жасай алатын адам болса екен деген тілегіміз бар. Ең бастысы Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың абырой-беделін әрі қарай жалғастырып, еліміздің абыройын асыратын көреген азамат болса екен дейміз.

Солтүстікқазақстандықтар Президент сайлауының кезектен тыс өтуін қолдап отыр. Жерлестеріміз керісінше әлемдегі аумалы-төкпелі кезеңде / халық таңдаған мемлекет басшысына тізгінді табыстау – тұрғындардың жүрегіне сенім ұялатады деп отыр.

Байболат  Култанов