Халық тарих толқынында

Биыл Ұлы Жеңіске 74 жыл толады

Биыл Ұлы Жеңіске 74 жыл толады. Осыған орай арна тілшілері бейбіт күнді жақындатуға ат салысқан Иван Клименконың үйінде болып, қарт майдангердің естеліктерін тыңдап қайтты.

Осылай Иван Клименко майдан даласында болған достарын еске алуда. Бұл суретте сонау 1944 жылы Шығыс Пруссиядағы ұрыстардың бірінде тірі қалған жауынгерлер бейнеленген. Сол түні 30 адамнан тұратын взвод фашистердің қоршауында қалып, тек 6-уы ғана аман шыққан.

Иван Клименко – Ұлы Отан соғысының ардагері:

–  Сол ұрыста қанша қиындықты бірге өткерген достарымнан айырылдым. Бұл командир қателігі болатын. Содан кейін оны орнынан босатты. Өйткені, ол жоғарғы жақпен келіспей бізді жаудың көп күші біріккен аймаққа жіберген. Соғыс жылдары жаныма батқан күндердің бірі осы болды. Майдандастарыңның қазасын көру өте ауыр.

Бұдан соң Иван Клименконы Қытай жаққа жөнелткен. Кеңес әскерінің фашисттерді жеңгенін поезда кетіп бара жатып естіген. Бұдан кейін Иван Трофимович Жапонияға қарсы соғысқа қатысады. Туған жеріне тек 1951 жылы 24 жасында оралады. Кейін элеваторға жұмысқа тұрып, сырттай оқуға түседі.

Иван Клименко – Ұлы Отан соғысының ардагері:

–  Оқуды аяқтап, инженер-механик мамандығын алдым. Ал 1954 жылы Алматыға қоныс аударып, сонда еңбек еттім. «Медеу» мұз айдынының құрылысына қатыстым. Бұдан бөлек, оңтүстік астанамыздағы бірқатар маңызды нысандардың, зауыттар мен фабрикалардың негізін қалауға ат салыстым. Кейін зейнетке шықтым. Бірақ мен жұмыс істеуді жалғастыра бердім. Сөйтіп, 78 жасқа дейін еңбек етіппін. Ал 2013 жылы қайтадан туған қалам – Петропавлға оралдым. Бір қуантарлығы, мұндағы ардагерлер ұмытпапты. Үнемі түрлі шараларға шақырып, құттықтауларын жолдап тұрады.

Қарт майдангер 92 жасты алқымдап қалса да, әлі тың. Күнара серуендеп, жаңалықтарды қалт жібермей, газет-журнал оқиды. Кроссворд, сканвордтарды шешеді. Иван Клименко кітап оқығанды да жақсы көреді. Үйінде 1 мыңнан астам түрлі жанрдағы оқулық бар екен. Соның 90 пайызын оқып шыққан.

Мағжан Ахмадина