Халық тарих толқынында

Тәжік-Ауған шекарасында қаза тапқан сарбаздарды еске алу

Кеше Тәжік-Ауған шекарасындағы қанды оқиғаға тура 24 жыл толды. 95-ші жылдың 7-ші сәуірінде жат жерде интернационалдық борышын өтеп жүрген 17 қазақстандық сарбаздың өмірі қиылған еді. Қала жұртшылығы жауынгерлердің рухына тағзым етіп, ескерткішке гүл шоқтарын қойды.

1995 жыл. Тәжікстанда азаматтық соғыс жүріп жатқан уақыт. Қазақстандық бітімгершілер Тәжік-Ауған шекарасын лаңкестерден қорғауға көмек көрсетті. Сол жылы сәуірдің 7-сі еліміздің ішкі әскерлерінің 7-ші құрама ротасы Пшихавр шатқалында ауған моджахеттерінің шабуылына ұшырайды. 5 сағаттық кескілескен шайқаста 33 жауынгеріміз жараланады, ал 17-сі ажал құшады. Осымен 24-ші жыл  жұртшылық өмірлері үзілген бұл ержүрек ұлдарды еске алып, ескерткішті қалампырмен көмкерді.

Тәжікстан мен Ауғанстан елдерінің шекарасындағы қарулы қақтығыстан барлығы 2 мыңнан астам отандас жауынгер өткен. Бірақатары ескерткіш алдында тұр. Олар елге оралмаған қызметтестеріне құрмет көрсетуді борыш санайды.

Данияр Әлімжанов – Тәжік-Ауған шекарасындағы әскери қимылдар мен әскери қақтығыстарға қатысушы: 

– Өскеменде бір жыл борышымды өтеп, 96-шы жылы өз еркіммен Тәжік-Ауған шекарасына бардым. Қаза тапқан бұл жігіттер – менің құрдастарым. Олар өздеріне жүктелген тапсырманы орындау барысында қаза тапты. Бұл жауынгерлер қандай болсын құрметке лайық.

Жыл сайын сәуірдің 7-сі Мамиля Қасенова ескерткіш басына келеді, көзіне жас алады. Оның еске алатын, шет елде қаза болған туысқаны жоқ, алайда жастайынан кеткен жігіттер үшін жаным ашиды дейді нәзікжанды.

Мамиля Қасенова – қала тұрғыны:

– Осы ескерткіш маңынан өткен сайын, жақындап келіп, бұл азаматтардың рухына тағзым етемін. Бұл бозбалалар шет жерде болсын бейбіт өмір орнатуға тырысты. Олар өз міндеттерін абыроймен орындағандарына сенімдімін.

Саят Ермек – тілші:

– Олардың жастары 20-ға да толмаған еді. Осыдан тура 24 жыл бұрын Пшихавр шатқалы ауданында қаза тапқан 17 жауынгердің әрқайсысының есімі мына тақтаға жазылған. Олар ТМД елдерінің шекараларын сыртқы жаудан қорғап, өздерінің интернационалдық борыштарын өтеу жолында жан тапсырды. Сондықтан бұл жігіттердің есімі әрдайым ел есінде!

Саят Ермек