ТЖ

Өрт сөндіруші баланы құтқарып қалды

Петропавлдық өрт сөндіруші 8 жасар баланы қызыл жалыннан құтқарып қалды. Жеткіншек от тұтанған пәтерде жалғыз болған. Өрттің шығу себебі әлі анықталуда.

Төтенше жағдай жексенбі күні түс ауа тіркелді. Батыр Баян көшесіндегі 7 үйдің 9-шы қабатынан өрт шыққан. От алдымен балконды шарпып, кейін пәтердің ішіне ауыпты. Баспанада 8 жастағы бала жалғыз қалған. Жеткіншекке көршілері көмек көрсетпек болған, бірақ қанша тырысқандарымен есікті бұза алмапты. Абырой болғанда, оқиға орнына лезде төтенше жағдайлар департаментінің мамандары жеткен. Олар тез арада өзара бөліне қойып, іске кіріседі. Бірі құлыпты бұзып ішке кіруді көздесе, екіншілері баланы аман алып шығудың амалдарын жасайды.

Видеодағы ержүрек жігіт – міне. Асхат Жасұланов өрт сөндіруші болып 6-шы жыл қызмет етуде. Осы аралықта талай рет адамдарды қызыл жалыннан алып шыққан. Бірақ, бір өзі емес, әріптестерімен.

Асхат Жасұланов – Петропавл қалалық №1 өрт сөндіру бөлімшесінің аға өрт сөндірушісі:

– Автосаты бойынша жоғарыға көтерілдім. 9-шы қабаттағы пәтер терезесінде тұрған баланы көрдім. Мен оны үйден алып шығып, жұбата бастадым. Жерге түсіргенше дейін оның төменге қарамауын сұрадым. Кейін жедел жәрдем мамандарына табыстадым. Жеткіншектің жағдайы жақсы.

Басты міндет адам өмірі мен мал-мүлкін құтқару дейді мамандар. Сондықтан, өртті сөндірмес бұрын олар түгел үйді газ бен электр энергиясынан ажыратып, тұрғындарды эвакуациялапты.

Данияр Ақжігітов – СҚО ТЖД өрт сөндіру қызметінің жедел кезекшісі:

– Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында баспананың бірінші подъезінен 37 адам, соның ішінде 8 бала далаға шығарылған. Қызыл жалын жалпы аумағы 15 шаршы метр болатын жерді шарпыды. Отты 20 минуттың ішінде ауыздықтадық. Өрттің орын алу себептері әлі анықталу үстінде.

Тағы кешегі күні құрылысы әлі аяқталмаған «Достық мол» ғимаратының бірінші қабатында өрт оқиғасы тіркелген. Түнгі бірден аса нысанның қосалқы үй-жайы өртке ораныпты. Қызыл жалынды ауыздықтауға 15 бірлік техника мен жеке құрамның 42 адамы тартылған. Зардап шеккендер жоқ.

Эльмира Садвокасова