Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыстық әкімдік отырысы өтті

“Қызылжар – адалдық алаңы” жобасының жүзеге асуы, медициналық қызметтердің сапасы мен өңірдегі тасқынға байланысты жағдай. Бүгін бұл мәселелер облыстық әкімдіктің кезекті отырысында қаралды.

Әкімдік отырысы кадрлық ауыс-түйістен басталды. Облыстық сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау басқармасының басшысы лауазымына Батырбек Қалабаев тағайындалды. Кейін жиында күн тәртібіне шығарылған сұрақтар қарастырылды. Алдымен “Қызылжар – адалдық алаңы” жобасының жүзеге асуы талқыланды. Мәселен, №3 қалалық емханада электрондық кезек пен смарт-маршрут жүйесі орнатылған. Бұл науқастар мен ақ халаттылардың қарым-қатынасын азайтып, бармақ басты, көз қыстылыққа жол бермеуге септеседі. Тағы жоба мамандары мемлекеттік қызметшілерге арасын әйнек қабырға бөліп тұратын бір кабинетте жұмыс істеу туралы ұсыныс жасады. Бастаманың арқасында жыл сайын 32 млн теңге көлемінде қаржы үнемдеуге болады екен.

Екатерина Старостина, «Qyzyljar – adaldyq alany» жобасының жетекшісі:

–  Мемлекеттік қызметшілерге әлеуметтік желілерге тіркелу туралы ұсыныс жасағымыз келеді. Жеке парақша – пікір алысып, ой бөлісуге арналған жақсы алаң. Сондай-ақ, бұл атқарушы биліктің халық алдындағы ашықтығын көрсетеді. Осылайша, қоғам мен мемлекет арасындағы байланысты нығайтуға болады.

Әкімдік отырысында медициналық қызметтің сапасы мен өңірдің санитарлық-эпидемиологиялық жағдайы да қаузалды. Әзірге, денсаулық сақтау саласының мамандарына тағылатын сын азаяр емес.
Мәселен, Аққайың ауданында ақ халаттыларға қатысты шағымдар саны көбейген. Мұнда ішек ауруларының өсуі де байқалады.

Серікбай Қасмақасов, СҚО қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы:

– Жалпы, өңірдегі эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Тек қызылша ауруы жиі тіркелуде. Аймақта жұқпаның 208 фактісі анықталды. Мұндай жағдай біздің ғана облыста емес, барша республикада орын алуда. Бұған қоса, педикулез бойынша да жағдайды қалыпты деп бағалай алмаймыз.

Мамандардың айтуынша, бұл елді мекендердегі қоғамдық моншаның жоқтығынан орын алып отыр. Тұрғындарға аталған қызмет түрі аудан орталықтарының тек жартысында ғана ұсынылады екен.

Жиында өңірдегі көктемгі су тасқыны мәселесі де көтерілді. Соңғы 6 күн ішінде Сергеев су қоймасындағы тіршілік көзінің деңгейі 1 метр 25 см жоғарылаған. Қазір Есіл өзені бойында орналасқан елді мекендерде қызыл судың алдын алу қажет.

Рамиль Камалов, СҚО ТЖД бастығы:

–  Қазір Есіл өзені мен Кіші және Үлкен Тораңғұл көлдері – басты назарда. Тәулік бойы мониторинг жүргізіп, жағдайды бақылауда ұстайтын боламыз. Қызыл судың алдын алу үшін қолдан келгенімізді жасаймыз.

Осы ретте аймақ басшысы төтенше жағдайлар департаменті мамандарының жұмысын сынға алды. Бұған Уәлиханов ауданындағы орын алған жағдай негіз болып отыр. Құмар Ақсақаловтың сөзінше, құтқару қызметі өзара жөнді жұмыс ұйымдастыра алмаған.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

–  Тасқын туралы уақытылы хабар берілмеген. Ақмола облысының Төтенше жағдайлар департаментімен әріптестік жөнді орнатылмаған. Салдарынан қызыл су Уәлиханов ауданындағы елді мекендерді баса жаздады. Сондықтан, мәселені тез арада шешіп, олқылықтарды дұрыстып, өздеріңіз үшін қорытынды жасауларыңыз қажет.

Тағы Құмар Ақсақалов алқаптарды негізсіз өрттеп жатқандарды қатаң жазалау қажеттігін тиісті ведомство басшылығының есіне салды. Бұдан бөлек, күннің жылынуына орай елді мекендер мен қалада аббаттандыру шараларын қолға алып, сенбіліктерді өткізу керектігін атап өтті.

Эльмира Садвокасова