Мәдениет

“Күй тартыс” республикалық домбырашылар сайысы өтті

Петропавлда жас домбырашылардың «Күй тартыс» атты республикалық байқауы өтті. Өнер додасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылды. Оған жергілікті жердегі және Қарағанды мен Көкшетау қалаларынан 20-дан астам дарын қатысты.

Сайыс шарты бойынша әр қатысушы 10 күй дайындап келген. Байқауға жергілікті өнер колледжінің студенттері және мектеп оқушыларымен қатар, Қарағанды мен Көкшетау қаласынан келген 23 ұл-қыз қатысып жатыр. Жас дарындарға белгілі бір талап қойылған. Олардың өнерін қазылар алқасы бағалайды.

Сәуле Кереева, байқауды ұйымдастырушы-менеджер:

– Қазақ халқымыздың музыкалық аспапта ойнауын көрсетіп, сонымен қатар, жас өнерпаздарымыздың қандай деңгейде ойнайтыны мен актерлік белсенділігін көрсете алатынын байқаймыз. Әрбір қатысушы өздеріне қойылған талапты орындап, тізім бойынша барлық шығарманы білуге тиіс.

Сайыстың ерекшелігі сахнада отырған екі домбырашы 10 күйді кезектесіп ойнайды. Ең қызығы, бірі тоқтаған жерде, екіншісі мүдірмей жалғастырып алып кетуі керек.

Айзада Майдан, байқауға қатысушы, Қарағанды қаласы:

– Осы конкурсқа жақсы дайындықпен келдік. Қарағанды қаласынан 5 адам келді. Осы конкурстан жүлделі болып қайтатынымызға сенімдіміз.

Дәулеткерей, Құрманғазының күйлері жастарға жігер бергендей. Өнерлі жастар өздерінің шеберліктерін байқатып, сайыс көркін қыздыра түсті. Ұлттық киім киген нәзік жанды қыздарымыз да домбыраның құлағында ойнайды.

Айнаш Ғаббасова, байқауға қатысушы, Ақжар ауданы:

– Біз күй тартысқа қыркүйек айынан бастап дайындалдық. 10 шығарманы жаттап келдік.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізілген сайыс қазақ жастарының күйге деген қызығушылығын арттырып, салт-дәстүріміздің жаңғыруына ықпалын тигізбек.

Маржан Қасымбек