Денсаулық сақтау

Дәрігерлер ағылшын тілін үйренуде

Медицина қызметкерлеріне арналған ағылшын тілі. Облыс орталығында осындай бірегей жоба аясында тегін курстар ұйымдастырылды. Шет тілін тоғыз ай бойы оқып-тоқыған ақ халаттылар арнайы сертификаттармен марапатталды.

Осылай 9 ай бойы өңір дәрігерлері ағылшын тілін оқыған. Әрине, олардың көпшілігі үшін партаға қайта отыру қиын болыпты. Десе де, Шекспир тілін меңгеру заман талабы екендігін ақ халаттылар жақсы біледі.

Диана Стафи – жобаға қатысушы:

–  Ағылшын тілін мектепте оқығанмын. Кейін жұмысқа тұрған соң бар алған білімім ұмыт болды. Енді осы жобаның арқасында тілді қайтадан оқып, өзімді дамытып жатырмын. Әрине, жұмыста жүріп курстарға келу қиын болды. Десе де, қалдырмауға тырыстым. Есесіне, көп нәрсе үйрендім. Мұнымен тоқтап қалғым келмейді. Әрі қарай да білімімді дамытып, енді ақылы курстарға қатысып жүрмін.

Дәрігерлерге арналған тегін ағылшын тілі курстарын Шынар Тоқышева жүргізіпті. Медицина қызметкерлеріне сабақ беру үшін ол Кембридж университетінің аккредитациясын алған.

Шынар Тоқышева – ағылшын тілі мұғалімі:

–  Жобаға қатысушылар ең алдымен медициналық терминдерді ағылшын тілінде қайталады. Кейін күнделікті науқастармен сөйлесу, оларды қабылдау сынды практикалық сабақтар ұйымдастырылды. Бұның бәрі дәрігерлерге шетелге тәжірибе жинақтауға барғанда керек болады. Әрине, 9 айдың ішінде тілді толық меңгеру мүмкін емес. Бірақ, курс тыңдаушыларының жетістіктері қуантады.

30 дәрігердің ішінде курстарды толығымен өткен 18-іне жоба авторы Дмитрий Тё сертификаттар табыс етті. Облыстық кардиологиялық орталықтың хирург-дәрігері ақ халаттылар үнемі ізденісте болып, шетелдерге шығып, білімін шыңдап отыруы тиіс дейді. Сондықтан, әріптестеріне арналған ағылшын тілі курстарын ашыпты. Ол үшін АҚШ елшілігінің арнайы грантын жеңіп алған.

Дмитрий Тё – «Медицина қызметкерлеріне арналған ағылшын тілі курстары» жобасының авторы:

– Өткен жылдың тамыз айында мен АҚШ елшілігі жариялаған конкурсқа өтініш жібердім. Сөйтіп, медицина қызметкерлеріне ағылшын тілін үйрету туралы жобам грант ұтып алды. Айта кету керек, бұл – елімізде қолға алынған осындай алғашқы бастама. Курстарға дәрігерлер, лаборанттар, орта медицина қызметкерлері қатыса алды.

Жоба аясында инстаграмм әлеуметтік желісінде арнайы парақша ашылып, курсты аяқтағандар ағылшын тілін меңгеруді сол жерде жалғастырмақ. Онда онлайн-сабақтар берілетін болады. Айта кетейік, желіге кез келген адам тіркеліп, тілді меңгере алады.

Мағжан Ахмадина