Денсаулық сақтау

7 сәуір – Дүниежүзілік денсаулық күні

7 сәуір – Дүниежүзілік денсаулық күні. Осыған орай 1-ші қалалық емханада ерекше акция өтті. Демалыста ұйымдастырылған шарада шаһар тұрғындарын емдеу мекемесінің дәрігерлері қабылдады.

Бүгін сенбі – демалыс күні. Алайда, бұған қарамастан 1-ші қалалық емханада жұмыс қызу жүріп жатыр. Емдеу мекемесіндегі дәрігерлер тұрғындарды таң сәріден қабылдауда. Бір қызығы, адамдар маманның қарауына әдеттегі талонсыз және алдын ала жазылусыз кіре алады.

Ұлбасым Қажахметова – №1 қалалық емхананың бас дәрігерінің орынбасары:

– Халықаралық денсаулық күніне орай диагностика, рентген кабинеттері, зертхана, флюорография, әйелдерді қарау бөлмесі мен тағы да басқа кабинеттер жұмыс істеп жатыр. Оларға қаралуға біз өзіміздің тұрғындарды шақырдық. Тағы, учаскелік және тар бейінді дәрігерлер де келіп отыр.

Мына жандар эндокринологқа қаралмақ. Оларды білікті дәрігер Татьяна Иванова қабылдайды. Маманның айтуынша қазіргі күні өңірімізде эндокриндік жүйе ауруларына шалдыққан жандардың қатары көбейіпті. Әсіресе, аймақта қант диабетіне, қалқанша мен бүйрек безі дертіне ұшыраған адамдардың сан көп екен.

Татьяна Иванова – №1 қалалық емхананың эндокринолог-дәрігері:

– Қазір жастар жиі ауырады. Олардың дені қалқанша безі ауруларына шалдыққандығын көріп жүрмін. Қант диабетіне ұшыраған жастар да бар. Ауырмау үшін дұрыс тамақтану керек. Белсенді қозғалыс керек. Бір сөзбен айтқанда, адам өз-өзіне көңіл бөлгені жөн.

Эндокринолог-дәрігердің қабылдауына Ольга Зинина да келіпті. Жерлесіміз демалыс күнінде ұйымдастырылған акцияның қолайлы екендігін айтады.

Ольга Зинина, қала тұрғыны:

– Бүгін ашық есік күні өтетіндігін естідім. Соны пайдаланып Татьяна Михайловнаның қарауында болғым келді. Өйткені, ол өте жақсы маман. Емханаға сағат 9-да келдім. Бірден дәрігерімді тауып, кабинетіне кірдім. Демалыс күнінде осындай мүмкіндік жасалғаны біздерге қолайлы.

– Сахар в крови у вас когда-нибудь повышается?

-Нет.

– По нашим показателям сейчас у вас сахар 4,9. Это – норма.

Ал бұл – скрининг кабинеті. Мұнда тұрғындар тексерілуге рұқсат алады. Сонымен қатар, қан құрамындағы қант пен холестерин мөлшерін анықтау үшін анализ тапсырады, көз қысымын өлшейді.

Вера Хлебникова – қала тұрғыны:

– Медбике мені скринингтен өтуге шақырды. Ол неге тексерілмейсіз деп айттып еді, мен уақыт жоқ деп жауап қайтардым. Сонда маман бүгін адам аз болатынын түсіндірді. Осыны пайдаланып келіп отырмын. Жаңа холестерин мөлшері мен көз қысымым қалыпты деңгейде екендігі анықталды.

Осы орайда медициналық мекеме мамандарының айтқанына құлақ түріңіздер. Олар әрбір басшы 1 жұмыс күнінде өзінің қызметкерін скринингтен өтуге жіберуі тиіс дейді. Мұндай талап нормативті-құқықтық құжаттарда жазылған.

Байболат  Култанов