Спорт

«SportFEST Kazakhstan» спартакиадасының облыстық іріктеу кезеңі өтті

Баскетбол, үстел теннисі, шахмет пен тоғызқұмалақ. Петропавлда «SportFEST Kazakhstan» спартакиадасының облыстық іріктеу кезеңі бастау алды. 2 күн бойы өтетін дүбірлі додада 400-ге жуық жас / спорттың 6 түрінен сынға түсетін болады. Топ жарғандары республикалық сайысқа қатыспақ.

Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар спортшыларымыз жарысқа дейін дайындықтарын шыңдап, бүгінгі ойынға сақадай-сай тұр. Аз уақыттан соң сайыс та басталады. Әрбірінің жеңіске деген үміті мол. Бүгін барлығы 400-ге жуық жас бақтарын сынамақшы.

Айгерім Дәрібаева, «SportFEST Kazakhstan» жобасының менеджері, Нұр-Сұлтан қаласы:

– «SportFEST Kazakhstan» спартакиадасының мақсаты – жастарды салауатты өмір салтын ұстануға шақыру, ұрпақты еңбекқорлыққа баулу. Қатысушылар спорттың 6 түрінен сайысқа түседі. Олар: футбол, шахмат, баскетбол, теннис және тоғызқұмалақ.

Мына жерде баскетболистер сынға түсуде. Қос құрама Ақжар мен Уәлиханов аудандарынан келіп отыр. Жас спортшылардың ойынын қарап, жылдамдығы мен шеберлігіне қызығасың. Дайындықтарының жоғары екені көрініп тұр.

Аяулым Тұрсынбек – жарысқа қатысушы, Ақжар ауданы: 

– Біз осы баскетболға көптеген уақыт дайындық. Мен баскетболмен 6-сыныптан бері айналысамын. Орын аламын деп үміттенемін.

Петропавлдық жеткіншек Айбыл Темірболат теннис ойынына қатысып жүр. Ол қарсыласының осал еместігініне қарамастан жеңіске жететініне сенімді. Жас теннисші жарыстың тартысты өтіп жатқанын айтады.

Айбыл Темірболат, жарысқа қатысушы, Петропавл қаласы:

– Теннис ол рефлекс пен реакцияны дамытады. Сондықтан, мен теннисті жақсы көремін. Бүгін мен Назарбаев Зияткерлік мектебінен келген баламен ойнадым. Ол мені 3:0 есебімен жеңді.

Сайыс соңында жеңіске жеткендер «Самрұқ-Қазына ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ның бағалы сыйлықтарымен марапатталады. Сонымен қатар, ең үздік деп танылған 28 спортшы іріктелініп алынып, маусымда Щучинск қаласында өтетін республикалық жарысқа қатысады.

Маржан Қасымбек