Аптадағы маңызды жаңалықтар

Сергеев су қоймасындағы су деңгейі 31 см-ге жоғарылады

Өңірдің өзен-көлдеріндегі судың көлемі артуда. Мәселен, соңғы тәулікте Сергеев су қоймасындағы тіршілік көзінің деңгейі 31 сантиметрге жоғарылаған. Салдарынан нысанның ернеуінен асқан судың көтерілуі 47 см жетіп отыр.

Осы жұмада өңір аумағына оңтүстік-каспий циклоны келді. Салдарынан қар аралас жаңбыр жауып, ылғалдылық мөлшері артты. Синоптиктер жауын-шашын деңгейінің өсуі облыстағы су тасқынына әсері етеді дейді.

Қымбат Мерғалимова – «Қазгидромет» РМК СҚО бойынша филиалының директоры:

– Сәуірдің 3-і мен 5 күндері аралығында Айыртау, Ғабит Мүсірепов және Ақжар аудандары аумағында 3-тен 6 мм дейін жауын жауды. Ал қалған аудандарда бұл көрсеткіш 10 мен 21 мм аралығын құрайды. Оңтүстік-каспий циклоны бүгін де әсер етеді. Кейін оңтүстік-шығысқа ауысады.

Ауа райынан бөлек, төтенше жағдайдың орын алуына судың босатылуының да ықпалы бар. Мысалы, наурыздың 29-ы күні Ақмола облысындағы Шағалалы су қоймасынан секундына 20 текше метр тіршілік көзі тасталыныпты. Кейін, оның көлемі 25-ке дейін жеткен екен. Мұның салдарынан сәуірдің 4-ші жұлдызында Тайынша қаласын тасқын баса жаздады.

Рамиль Камалов – СҚО ТЖД бастығы:

–  Оқиға орнына жедел түрде аудандық әкімдіктің күшімен инженерлік техника тартылды. Оған қоса, Ақжар ауданынан құтқарушылар мен қуаттылығы жоғары мотопомпалар жіберілді. Қазір Тайыншадағы жағдай тұрақталды. Яғни, босатылған судың шектік деңгейі төмендеді. Бүгінде қалаға жақындаған су үй аулаларынан 150-200 метр қашықтыққа дейін тартылды.

Оқиғаға байланысты Шағалалы өзеніне жақын орналасқан Теңдік және Кантемир ауылдарын құтқарушылар басты назарға алыпты. Ал Уәлиханов ауданындағы жағдай қалыпты. Қазір Сілеті су қоймасынан секундына 197 текше метр су босатылып жатыр екен. Бұл Қаратал мен Қулыкөл елді мекендеріне қауіп төндірмейді. Сондықтан, ондағы тұрғындар үйлеріне қайтуда. Осы орайда мамандардың пікіріне құлақ түрейік. Олар енді теріскейліктерді еріген қар суы әбігерге салуы мүмкін деп отыр.

Рамиль Камалов – СҚО ТЖД бастығы:

–  Өңірдегі негізгі қар еріді. Қазір оның суы кіші өзендердің бойымен Есілге ағып келіп жатыр. Біз жақында алғашқы толқынды қабылдадық. Сергеев су қоймасының алдында орналасқан Батыс-Тоқсан би бекетіндегі тіршілік көзінің деңгейі көтерілді. Соның салдарынан Сергеев қоймасындағы су ернеуінен асты.

Кеше ғана Сергеев су қоймасының ернеуінен асқан судың көтерілу деңгейі 10 см құраған болатын. Ал бүгін аталған шама 47 см-ге жетіпті.

Байболат  Култанов