Спорт

Петропавлда грек-рим күресінен Қазақстан Республикасының чемпионаты өтуде

Петропавлда грек-рим күресінен ересектер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты бастау алды. Дәстүрлі біріншілік еліміздің спорт қайраткері, КСРО-ның спорт шебері Жамбыл Тасеменовтің құрметіне арналған.

Екі күн бойы Қазақстанның үздік палуандары 9 салмақ дәрежесінде мықтыларды анықтайды. Турнирге 10 облыстан 100-ден астам спортшы келген. Біріншілік осымен қатарынан 14-ші жыл өтіп жатыр. Жыл сайын қатысушы палуандардың саны артып келеді. Бәсекелестік те жоғары. Боз кілемде күш сынсып жатқандардың арасында Қазақстан Республикасының спорт шеберлері, Азия ойындарының жүлдегерлері де бар.

Бахтияр Нұрғазинов, жарысқа қатысушы, Павлодар облысы :

– Әр белдесудің алдында өз-өзімді қамшылап, әзірленемін. Қарсыластарымды жақсы білем, боз кілемде талай күрескенбіз. Өз алдыма бәрінің жауырындарын жерге тигізіп, алтын еншілесем деген мақсат қойдым.

Саят Ермек