Білім

Облыстық құрылысшылар қауымдастығына – 15 жыл

Облыстық құрылысшылар қауымдастығына – 15 жыл. Айтулы датаға орай аталған саланың тұтқасын ұстаған мамандар салтанатты іс-шара өткізді. Мерейтойға Омбы құрылыс колледжі де ортақтасты.

Мерейлі дата Петропавл құрылыс экономикалық колледжінде аталып өтілуде. Күннің бірінші жартысында мұнда ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылған екен. Шара барысында саланы дамыту мәселелері сөз болды. Отырысқа Ресейдің Омбы қаласындағы құрылыс колледжінің өкілдері де қатысты. Алдағы уақытта білім ордасы жергілікті оқу орнымен бірлесіп жұмыс атқармақ ниетте. Сондықтан, салтанатты жиында қос тарап ынтымақтастық меморандумын жасасты. Жалпы, Петропавл құрылыс-экономикалық колледжі қауымдастыққа екі жыл бұрын мүшелік ете бастапты. Осы аралықта бірқатар шаруа тындырып үлгерген.

Ғалия Жұмағужинова – Петропавл құрылыс-экономикалық колледжі құрылыс бөлімшесінің меңгерушісі:

– Өткен жылы құрылысшылар қауымдастығының ұсынысымен «Құрылысшылар аллеясының жобасы» атты байқау өткіздік. Оны студенттеріміздің бірі жеңіп, соның жобасы негізінде Гашек көшесінің бойында аллея ашылды.

Биыл құрылысшылар аллеясында қауымдастықтың көмегімен аббаттандыру шараларын жүргізу жоспарда бар екен. Ұйым осыдан 15 жыл бұрын құрылған. Қазір бірлестік мүшелері салада кездесетін проблемаларды шешумен айналысып келеді. Олардың бірқатарын мінберден сөз алған қауымдастық төрағасы Сергей Тимофеев атап өтті.

Сергей Тимофеев – СҚО құрылысшылар қауымдастығының төрағасы:

– Қазіргі таңда біздің салаға білікті әрі білімді мамандар келіп жатыр. Әсіресе, жұмысқа тұратындардың арасында дәнекерлеуші, тас қалаушы, сылақшылардың дайындығын ерекше атап өткен жөн. Қуантарлығы, жұмысшылар өзіміздің өңірімізде дайындалады. Тек сәулетші мен жобалаушылар қажет.

Алдағы уақытта бұл проблема түбегейлі түрде шешімін таппақ. Петропавл құрылыс-экономикалық колледжі сәулетші мен жобалаушылар мамандығын ашуды жоспарлап отыр. Осылайша, аталған саладағы қызметкерлердің тапшылығы жоймақ ниетте. Тағы білім ордасы «Қазсушар» кәсіпорнымен меморандум жасасыпты. Осылайша, “Есіл су” компаниясына қажет жұмысшылар да дайындалатын болады.

Эльмира Садвокасова