Қоғам

Латынға көшу – заман талабы

Латын графикасындағы қазақ тілінің емле ережесі және оқыту әдістемесі! Бүгін осындай атаумен М.Қозыбаев атындағы СҚМУ республикалық семинар өтті. Жиында Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан келген профессорлар жергілікті 250-ге жуық маманға жаңа қаріп төңірегінде әңгімеледі.

Залда жергілікті мемлекеттік қызметшілер, педагогтар отыр. Оларға Шайсұлтан Шаяхметов атындағы “Тіл-Қазына” ұлттық ғылыми-практикалық орталығы орфография басқармасының басшысы Анар Фазылжанова латын графикасы турасында әңгімелеуде. Көбіне филология ғылымдарының кандидаты емле ережесінің артықшылықтарына тоқталды. Яғни, жиналғандарға жаңа қаріппен жазудың пайдасын түсіндірді. Енді, мұндай өзгеріс арқылы шеттен енген сөздерді кирилл әріптерімен қағаз бетіне түсірмейтін боламыз. Осылайша қосамжарлықтан бас тартып, жазуымызға ұлттық сипат береміз.

Анар Фазылжанова – Ш.Шаяхметов атындағы “Тіл-Қазына” ұлттық ғылыми-практикалық орталығы орфография басқармасының басшысы, Нұр-Сұлтан қаласы:

–  Қосамжарлық қазақ тілінде ғана болғаны біздің жазуымызға толығымен ұлттық сипат алуға жол бермей тұрды. Ендігі кезекте латынға көшкенде 32 әріппен жазамыз. 42 әріптің 10 әрпі жоқ. Ол – орыс сөздерін орысша жазуға қазмет еткен әріптер. Енді, біз сол әріптердің орнына мүмкіндігінше қазақтың төл әріптерін жазамыз. Сөйтіп, біздің жазуымыз ұлттық сипат алады.

Алдымызда латын графикасын үйрену міндеті тұр. Оны кез келген жастағы ел азаматы меңгеруі тиіс. Бұл аға буын өкілдеріне қиынға соғары сөзсіз. Бірақ, жиынға қатысушы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Шынар Құрманбаева оның ешқандай ауыртпалығы болмайды дейді.

Шынар Құрманбаева – Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, Нұр-Сұлтан қаласы:

– Ересек адамдарға арналған көптеген әдістемелік құралдар даярланатын болады. Олар – мультимедиялық, анимациялық қосымшалар. Одан бөлек, қызықты, жеңіл жолмен түсіндірілетін құралдар пайда болады.

Оқыту тақырыбынан алыстамайық. Алдағы уақытта өңірімізде де латын графикасын меңгеру ісіне қарқын қосылмақ. Мәселен, келер айдың өзінде біраз шаруа тындырылады.

Әсем Сүлейменова – облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының бөлім басшысы:

– Биылғы жылдың мамыр айының орта кезінде латын графикасын оқыту негізінде бізде курс ұйымдастырылатын болады. Шарада 100 адамды оқытып, сертификат береміз.

Жалпы, мамыр айында ұйымдастырылатын оқыту курсы 3 күнге жалғасады деп жоспарланып отыр.

Култанов Байболат