Құқық қорғау органдары

Қала көшелері интеллектуалдық бейнебақылау жүйелерімен қамтылған

Қазір қала көшелерінде 54 камера орнатылған. Құрылғылардың көмегімен жыл басынан бері 1700-ден астам құқықбұзушылық тіркеліпті. Тәртіп бұзғандарды анықтау мақсатында  Полиция департаментінде қолға алынып жатқан жаңашылдықтармен бүгін тілшілер танысты.

Бұл – әкімшілік полиция басқармасындағы Процессингтік орталық. Қала бойынша орнатылған радарлар мен камералардың назарына іліккен жолдағы құқықбұзушылықтардың барлығы осында келіп түседі. Айыппұлдар да осы жерде тағайындалып, көлік иесінің мекен жайына жөнелтіледі. Барлығы компьютердің көмегімен. Полицейлердің айтуынша аталмыш жүйе қолданысқа енгізілгелі бері жол-көлік оқиғаларының саны әжептәуір азайған.

Айгерім Сейіткереева, СҚО ПД ӘПБ әкімшілік тәжірибе бөлімінің инспекторы:

– Қазіргі уақытта Петропавл көшелерінде 54 бейнекамера орнатылған. Жыл басынан олардың көмегімен 1703 бұзушылықты тіркеп, 5,2 млн теңгенің айыппұлын салдық. Оны көлік иесі пошта бөлімі немесе банк арқылы төлей алады. Егер айыппұл 7 күннің ішінде өтелетін болса, онда оның көлемі 50 процентке қысқарады. Жүргізушілер бейнекамералардың бар екендігін біледі, сол себепті ережелерді бұзбауға тырысады.

Ал Интернационал мен Астана көшелерінің қиылысында бейнекамералардың білдей бір жүйесі орнатылған. Интеллектуалды бақылаудың мұндай жүйесі шаһар бойынша көлік ағыны күшті үш қиылыста бар. Бұл қондырғылар бәрін тіркейді. Сондықтан, ешқандай заңбұзушылық назардан тыс қалмайды дейді тәртіп сақшылары.

Дмитрий Лахтиков – СҚО ПД ӘПБ ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы:

– Бұл камералар “Стоп” сызығынан асып кетіп тоқтаған және бағдаршамның қызыл түсін елемеген көліктерді тіркейді. Жүйе ереже бұзған темір тұлпардың нөмірін бөлек базаға жібереді. Осылайша, өткен жылы аталған құрылғылардың көмегімен криминалдық полиция мамандары 16 қылмыстың бетін ашты.

Бұл – Береке ықшам ауданындағы мамандандырылған ХҚКО. Мұнда көлікті тіркеуге, оны есептен шығаруға, жүргізуші куәлігі мен автокөлік нөмірлерін алуға болады. Көлік тізгіндеу құқығын беретін құжатты алу үшін емтихан да осында тапсырылады. Айтпақшы, 2016 жылдан бері азаматтар автомектептерде оқымай-ақ, өз білімдері мен әзірліктеріне сүйеніп сынақтан өту құқығына ие.

Алтынбек Жамалиев – СҚО ПД мемлекеттік автоинспекторы:

– Биыл тәжірибені өздері үйлерінде үйреніп, ХҚКО-ға емтихан тапсыруға 36 адам жүгінген болатын. Соның ішінде 10 адам тапсырып, қалғандары өте алмай қалды. Оларға жарты жылдан кейін қайта тапсыру мүмкіндігі болады.

Ал мына жерде полицейлер дәстүрлі “Жолда қабылдау” акциясын өткізуде. Кез келген жүргізуші бекет маңына тоқтап, тәртіп сақшыларына көкейдегі сұрақтарын қоя алды.

Қанат Аленов:

– Мен өз көлігіме газбен қатынау құрылғысын орнатқым келеді. Маған оны қайда және қалай қоюға болатынын түсіндіріп берді. Сондай-ақ, ол үшін қандай құжат жинау қажеттігін де білдім. Мұндай акция өткізілетінін бұрын білмеппін. Өте ыңғайлы екен.

Мұның бәрі азаматтар мен полицейлер арасындағы қарым-қатынасты жақсартып, заңнамалар, нормалар мен ережелерді түсінікті тілмен түсіндіру үшін ұйымдастырылып отырған шара.

Думан Таев – СҚО ПД бастығының орынбасары:

– Жергілікті полиция басқармасы, әкімшілік полиция басқармасы, сондай-ақ көші-қон полициясының басқармасы, тіркеу және емтихан тапсыру бөлімінің басшысы және техникалық жол инспекциясының басшылығы отыр. Бәріміз бірігіп тұрғындарды қабылдап, жауаптарды беріп жатырмыз. Сағат таңғы 9-дан бері 60-қа жуық адам келді.

Екі күнге жалғасатын акцияның ауқымы орасан. Себебі, азаматтар сауалдары мен ұсыныстарын әлеуметтік желілер әрі қауырт желі арқылы да жолдай алады.

Саят Ермек