Спорт

Жерлес кудошылар ел чемпионатында жүлде еншіледі

Жерлес кудошылар жарады! Теріскейлік жас споршылар ел чемпионатынан жүлделі оралды. Ақтөбе қаласында өткен жарыста солтүстікқазақстандық өрендер 1 күміс және 2 қола медалды жеңіп алды.

Кудо – бұл каратэден ерекшеленетін жекпе-жек түрі. Мұндағы төбелес техникасы өзгеше, ал басқа дулыға кию қажет. Ашылғанына жарты жыл ғана толған секция тәрбиеленушілері қазіргі таңда республикалық жарыстарға қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүр.

Олжас Дүйсенов, “СҚО KUDO DAIDO JUKU федерациясы” ҚБ жетекшісі:

 – Біз кудодан облыстық федерацияны жарты жыл бұрын құрдық. Осы уақыт аралығында қалалық чемпионаттарға да, халықаралық жарыстарға да қатысып үлгердік. Айта кетері, тәрбиеленушілеріміздің бірі 11 жасында спорт шеберіне кандидат атанды. Жақында Ақтөбе қаласындағы Қазақстан чемпионатынан келдік, онда біз 1 күміс және 2 қола жүлдеге ие болдық.

Ақтөбедегі Қазақстан чемпионатынының ауқымы кең болды. Мұнда еліміздің түрлі қалаларынан 250-ден астам спортшы қатысқан. Сайысқа клубтың атынан 5 бала барыпты. Бәсекелестіктің мықты болғанына қарамастан, олардың үшеуі жүлделі орындарға ие болды. Мәселен, қола жүлдені Никита Богданов қанжығасына байлаған. Айтпақшы, оның бүгін туған күні, балғын 7 жасқа толып отыр. Никита кудомен айналысуды 5 жасынан бастапты.

Никита Богданов, “Арлан” кудо клубының тәрбиеленушісі:

-Алғашында боксқа барып жүргем, бірақ кейінірек досым мені осында шақырды. Маған қатты ұнады. Қазір осында жаттығып жүрмін, ал досым кудоны тастап, басқа спорт түріне кетті.

Кудо – ширақ қозғалысты қажет ететін спорт түрі. Мұнда ұру және күресу амалдары қатар қолданылады. Секция тәрбиеленушілерінің жастары да, кудомен айналысудағы мақсаттары да әр түрлі. Біреулер өзін-өзі қорғау үшін келсе, енді біреуі болашақта чемпион болуды армандайды. Солардың бірі – Ибрагим Ақылбай.

Ибрагим Ақылбай, “Арлан” кудо клубының қатысушысы:

– Кудоға барып жүргеніме көп болды. Жаттығу жасауды ұнатамын. Болашақта чемпион болғым келеді.

“Арлан” клубында бүгінде 60 шақты жерлесіміз кудомен айналысады. Ендігі жарыстар келесі оқу жылынан бастау алмақ. Жоспарда – Ресейде өтетін халықаралық сайысқа жолдама алу. Қазіргі таңда бұл турнирге Қазақстан бойынша іріктеу жарыстары өтіп жатыр.

 

Ақтолқын Солтанханқызы