Балалар

“ЮниорКод” мектебінің оқушылары халықаралық олимпиаданың жеңімпазы атанды

“Юниоркод” бағдарламалау мектебінің оқушылары қашықтықтан өткен халықаралық олипиаданың жүлдегері атанды. Білім додасында 3 бірдей жерлесіміз өздерінің қарым-қабілетімен танылып, түрлі санаттағы алқаға ие болды.

Талабың болса, тауды талқандау да оңай. “ЮниорКод” мектебінде 5 пен 14 жас аралығындағы балалар білім алады. Жастығына қарамастан бағдарламалауға деген қызығушылықтары жоғары. Бұл жерде олар ойларын жан-жақты дамытады, түрлі сайыстарға да қатысады. Мәселен, жуырда Вероника Паничук ТМД елдеріндегі 50 “ЮниорКод” мектебінің кішкентай ақылдылары жиналған халықаралық олимпиадада жеңімпаз атанған. Оның жобасы ғарышпен байланысты.

Вероника Паничук, “ЮниорКод” бағдарламалау мектебінің оқушысы:

– Бұл жерде өзге планеталықтардың басқа ғаламшарды қалай басып алғаны көрсетілген. Ал ракетадағы космонавт оны біліп, өзгелерді көмекке шақырады. Кейін барлығы бірігіп жамандыққа қарсы күреседі. Бұл жобаны жасау мен үшін қиын болған жоқ, бағдарламалау маған қатты ұнайды.

Балалар қиялының шексіз екіндігі бізге мәлім. Сондықтан, олимпиадада бәсекелестік жоғары болды дейді жергілікті ұстаздар. Бұған қарамастан, петропавлдық жеткіншектер жеңіс тұғырынан көріне білді.

Мария Матвеева – “ЮниорКод” бағдарламалау мектебінің оқытушысы:

– Балаларға тапсырма берілді. Олар өздері шешкісі келетін проблеманы ойлап табу керек болды. Жарысқа қатысқан біздің 5 оқушымыздың барлығы өз жобаларын жасап, тапсырманы жоғары деңгейде орындап шықты. 3-еуі жүлдеге қол жеткізді.

Қазақстан – цифрлы дәуірге көшіп жатқан ел. Компьютердің қыр-сыры мен бағдарламалаудың негіздерін кішкентайынан жетік үйрену балалардың келешегі үшін пайдалы. Оған қоса бұл бүлдіршіндерге болашақ мамандықтарын таңдауда септігін тигізбек.

 

Молдир Шаяхмет