Балалар

Сегіз қырлы, бір сырлы жандардың додасы

Сегіз қырлы, бір сырлы жандардың додасы. Петропавлда даму мүмкіндігі шектеулі балалардың шығармашылық фестивалі өтті. 80-нен аса жеткіншек вокал, би, аспаптарда ойнау және ыммен ән айтуда сайысқа түсті.

Сахнада өнер көрсетіп тұрған жандар үшін ән мен бидің орны бөлек. Даму мүмкіндігі шектеулі балалар үшін музыка – халыққа өз ойың мен көкейіңде жүргенді жеткізумен пара-пар. Олар бұл күнді жыл сайын асыға күтеді. Сондықтан да залдағы атмосфера әдеттегіден ерекше. 12 айға созылған дайындықтың нәтижесі – осы.

Владислав Добош – сегіз қырлы, бір сырлы жігіт. Бос уақытында тек ән айтып қоймай, кітап та жазады екен. Оған бұл істе анасы әрдайым қолдау танытады. Сондықтан, бүгінгі байқаудағы әні де өміріндегі ең басты адамдардың біріне арналған.

Сахнаға шыққанда еш қобалжу болмайды дейді өнер иесі. Себебі, фестивальге 17 жастағы Владислав бірінші мәрте қатысып отырған жоқ.

Владислав Добош – №13 орта мектебінің оқушысы:

– Менің вокалмен айналысып жүргеніме 9 жылдан асты. Осы уақыт ішінде түрлі жанрдағы әндерді орындадым. Қазір жаныма лирика жақынырақ. Өткен жылы көрерменге «Туған жер» туындысын ұсынған болатынмын. Биыл анама ән арнауды жөн деп таптым.

Сахнаға шыққан «Сенсетив» ансамблі би дегенде ішкен асын жерге қояды. Ұл-қыздардың байқауға дайындықтары мықты. Балғындар қазір жұртшылыққа танымал, балдардың көркін қыздыратын веналық вальсті орындауда.

Жеткіншектердің әсем, нәзік қимылдары әдемі әуенге жақсы үлесуде. Әсерлі музыка мен ырғақты үйлестіріп, көрерменді таңдай қақтырған балалардың есту қабілетінің жоқтығына сену қиын. Яна Симонова мен Илья Найманов бимен 1 жылдай уақыт айналысып келеді. Қос дарын иесінің сөзінше, бұл өнер оларға алда тұрған кедергілерді бұзып, өздерін әдеттегі балалар ретінде сезінуге мүмкіндік береді екен.

Илья Найманов – Есту қабілеті бұзылған балаларға арналған облыстық арнайы (түзету) мектеп-интернатының оқушысы:

– Маған би билеген ұнайды. Музыка қатты ойнағанда, біз оны еденнің дірілдеуінен сеземіз. Оны айтып жеткізу мүмкін емес. Алдағы уақытта да басқа қалалар мен елдерде өтетін сайыстарға қатысқым келеді.

Вокал, би, аспаптарда ойнау мен ыммен ән айту. Фестивальдің облыстық іріктеу кезеңінде 4 аталым бойынша 80-нен астам жеткіншек сайысқа түсуде.

Наталья Сербина – СҚО білім басқармасының бас маманы:

– Байқау екіге бөлінеді. Біріншісі бүгінгі сайыс болса, екіншісіне балалар қашықтықтан қатысады. Олар қолданбалы өнер мен бейнелеу бойынша жұмыстарын фестивальдің ұйымдастырушы комитетіне жолдай алады. Осылайша, даму мүмкіндігі шектеулі балғындардың шығармашылыққа деген қызығушылығын оятамыз. Сайыс осымен 14-ші рет өткізіліп отыр.

Байқаудың жеңімпаздары мамыр айында Астана қаласында өтетін халықаралық сайысқа қатыспақ.

 

 

Эльмира Садвокасова