МТРА жаңалықтары

Петропавлда су сору жұмыстары жүргізіліп жатыр

210 мың текше метр. Петропавлда наурыз айынан бері көшелерден осынша көлемде су сорылып алынған. Бұл іспен 6 бригададан тұратын мамандар айналысып жатыр. Оларға бір тәулік ішінде 50-ден аса шақырту келіп түсетін көрінеді.

Жұмысшы кентіне қарасты Побелянский көшесі бойында орналасқан 29-ші үйдің маңына су жиналып қалған. Оны жауапты мекеме өкілдері арнайы көлікпен сорып әкетуге келіп отыр. Машина бөшкесінің сыйымдылығы 3 тонна 700 литрді құрайды.

Жұмыс жүргізіліп жатқан үйде Иван Голиян тұрады. 79 жастағы қария мамандардың көмегіне бұған дейін де бірнеше мәрте жүгініпті. Жерлесіміздің әр шақыртуын қызметкерлер қабыл алып, қолғабыс білдірген екен.

Иван Голиян – қала тұрғыны:

– Мамандар алдыңғы күні 4 рет келіп, суды сорып әкетті. Кеше де осы жерде жұмыс жүргізді. Өздеріңіз көріп отырғандай, бүгін де істерін тындырып жатыр. Осы үшін алғысымды айтамын. Бұл жердегі суды ұдайы сорып отыру қажет. Әйтпесе үйге кіреді.

Жалпы, көктем келгелі қаламыздағы «Тазартқыш, су таратқыш және су өткізгіш» кәсіпорнына түсетін қоңырау саны артыпты. Мәселен, наурыздың 1-інен бері мекеме қызметкерлері 1 мыңға жуық шақырту қабылдаған көрінеді. Ал соңғы тәулікте 51 адамның өтінішін екі етпеген.

Павел Булаев – «Тазартқыш, су таратқыш және су өткізгіш» МКК басшысы:

– Осы күнге дейін 210 мың шекше метрден аса су сорылды. Бұл жұмыспен 6 бригада айналысып жатыр. Олардың 4-еуі – күндіз, ал 2 түнгі уақытта жұмыс істейді. Қарамағымызда 11 бірлік техника бар. Тұрғындардан келіп түсетін қоңыраулардың бірде-бірін назардан тыс қалдырмаймыз. Олардың барлығына шұғыл әрекет етіп, көмек көрсетуге шығамыз.

Байболат Бектемірұлы – тілші:

 -Сонымен қатар, қаламызда мынадай мотопомпалар да жұмыс істеп жатыр. Дәл қазір олардың екеуі Жұмысшы кентіндегі Украин көшесінің бойына қойылыпты. Құрылғылардың қуаттылығы жоғары. Қондырғы сағатына 60 текше метр суды сора алады.

Мұндағы мотопомпалар тәулік бойы жұмыс істейді. Оларды мамандар әлсін-әлсін қарап қояды. Жалпы, қазіргі күні «Тазартқыш, су таратқыш және су өткізгіш» кәсіпорнында қуаттылығы әр түрлі осындай 21 құрылғы бар.

Култанов Байболат