МТРА жаңалықтары

Мектеп директорлары ата-аналарға жақын бола түсті

Өңірдің мектеп директорлары ғимараттың бірінші қабатына көшуде. Алғашқылардың бірі болып кабинетін қалалық қазақ мектеп-гимназиясының басшысы ауыстырды. Осылайша, білім ұясының жетекшілері ата-аналарға жақынырақ бола түспек.

Бұл – Алматы облысындағы Үштөбе қаласының әкімдігі. Көріп отырғанымыздай, мұндағы кабинеттердің аралығын бетон емес, шыны қабырғалар бөліп тұр. Бір жыл бұрын ашылған мұндай «Сервистік әкімдік» бармақ басты, көз қыстылықтың алдын алу үшін жасалыпты. Яғни, мұндағы атқамінер қарамағындағылардың не істеп отырғандығын бақылай алады. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы і -қимыл агенттігінің бас болуымен қолға алынған бұл жоба халық арасында да қолдауға ие болған. Сондықтан, жергілікті департамент өкілдері осы істі өңірімізде де жалғастыруға бел буыпты. Әзірге, мектеп және балабақша директорлары ғана жаңа кабинеттерге ауысуда. Солардың бірі – қаладағы қазақ мектеп-гимназиясының басшысы Бұлбұл Ахмадиқызы. Ол бұрын ғимараттың 3-ші қабатында отырыпты. Ал қазір дәл оқу ошағының кіре берісіндегі кабинетке көшкен.

Бұлбұл Ахмадиқызы – Қазақ мектеп-гимназиясының директоры:

– Екі күн – дүйсенбіден бастап осы кабинетте отырмын. Барлығына тиімді болды. Негізінен, тамақтану, қосымша сағаттардың берілуі және балалардың бос уақытта қамтылуы сынды сұрақтар жиі түсіп жатады. Бұрын бұл кабинетте орынбасарым және тәрбиеші отыратын.

4 жылдан бері қазақ мектеп-гимназиясын басқарып келе жатқан Бұлбұл Ахмадиқызы өзінің бұрынғы кабинетін тәрбие ісі жөніндегі орынбасары мен тәлімгерге босатып берген. Мұндай өзгерістер әлі тағы бірқатар оқу ошақтарында жүргізілмек.

Ерік Нұрахметов – СҚО білім басқармасының бөлім басшысы:

 – Облысымызда 485 мектеп болса, солардың 363-інде бүгіндері мектеп директорларының кабинеті оқу ошағының бірінші қабатында орналасқан екен. Сол себепті, бұл жұмыстар ауылдық жерлерде жүргізілмейді. Ал қаладағы 37 мектептің 6-уында қолға алынуы керек. Әзірге, екі нысан – қалалық 26-шы мектеп-балабақша және қазақ мектеп-гимназиясы өзгерісті өздерінде енгізді.

Алдағы уақытта мұндай бастама барлық мемлекеттік органдар мен денсаулық сақтау нысандарын да қамтымақ. Жалпы, агенттік өкілдерінің айтуынша, соңғы кездері ведомстволар мен мемлекеттік орган басшылары әлеуметтік желілерде белсенді түрде тіркеле бастаған. Бұл да халықпен байланыс орнатып, тұрғындардың мәселелерін жылдам шешуге жағдай жасап отыр.

Серік Айдарбеков – ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі агенттігі СҚО бойынша департаменті басқармасының басшысы:

– Қызылжар-адалдық алаңы» кеңсесінің ұсынысымен барлық мемлекеттік орган басшылар мен орынбасарлары фейсбук әлеуметтік желісінде тіркеле бастады. Барлық азаматтар өздерінің сұрақтарын осы желіде таратуда.

Фейсбукте өтініш қалдырған адам бірден қажетті органды не басшысын белгіліп, тікелей соған өз базынасын жолдай алады. Сондықтан, желіде жарияланған сауалдар аяқсыз қалмайды.

 

Магжан Ахмадина