МТРА жаңалықтарыСу тасқыны

Есіл ауданындағы 6 ауылды су басуы мүмкін

Есіл ауданындағы 6 ауылды тасқын басуы мүмкін. Елді мекендерге қауіп Үлкен Тораңғұл көлі мен Есіл өзенінен келеді деп күтіліп отыр. Аталған су айдындарында соңғы күндері су деңгейі біршама артқан.

Мұрат Нұрышев – Есіл ауданына қарасты Новоузенка селосының тұрғыны. Азамат осыдан 2 жыл бұрын орын алған су тасқынын ұмыта қоймапты. Ол кезде қызыл су жерлесіміздің үйіне дейін кірген екен. Ал биыл ондай жағдай қайталана қоймас. Себебі, елдің мекеннің маңына ұзындығы – 1 шақырым, ені 1 жарым метр болатын бөгет тұрғызылыпты.

Мұрат Нұрышев – Новоузенка селосының тұрғыны, Есіл ауданы:

– Үйге дейін су кіріп кеткен. 2 жыл бұрын полдың үстінде 15 см дейін су болған. Ал енді биыл ондай қауіп жоқ. Әкімшіліктің көмегімен дамба салды су келмейтіндей. Сондай қауіп жоқ биыл.

Новоузинкадан бөлек, дәл осындай бөгет Чириковка селосында да тұрғызылыпты. Тағы, бұл маңда ұзындығы 1,4 шақырымдық су бұрғыш канал қазылған. Жалпы, қазіргі уақытта есілдіктер аудандағы тасқын деңгейін ұдайы қадағалауда. Әсіресе, олар Үлкен Тораңғұл көлін күн сайын бақылап отырады.

Григорий Зимарев – Корнеевка селолық округінің әкімі, Есіл ауданы:

– Қазір Үлкен Тораңғұл көліндегі судың деңгейі 300 см құрайды. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзіміндегі көрсеткіштен 14 см жоғары. Осы орайда бұрын болған жағдайға көз жүгіртейін. Біздер үшін ең қауіпті жыл – 2016 болды. Ол кезде Корнеевка селосының шетіндегі 3 үйді су баса жаздады. Қазіргі таңда ол баспаналардағы адамдар басқа жаққа көшірілген. Сондықтан, биыл мұндағы тұрғындарға қауіп төнбейді деп айта аламын.

Есіл өзені де басты назарда. Қазір ондағы судың тереңдігі 185 см құрайды. Мұндай мәліметті Покровка селосында орналасқан бекет мамандары ұсынып отыр. Бұл қауіпті емес. Қауіптілік су деңгейі 955 см жеткенде басталады. Жалпы, биыл ауданда төтенше жағдайды ескерту мен алдын алу жұмыстарына жергілікті бюджеттен 1 млн 633 мың теңге бөлініпті. Қаржыға бөгеттер тұрғызылған, құбырлар жаңартылып, инерттік материалдар әзірленіпті.

Владимир Редькин – Есіл ауданы әкімдігінің азаматтық қорғау, жұмылдыру дайындығы, аумақтық қорғаныс және ТЖ бойынша бас маманы:

– Есіл өзенінің бойындағы ауыл тұрғындарына су тасқыны жайлы хабарланып, төтенше жағдай кезінде жасалатын іс-әрекеттер түсіндірілді. Барлық елді мекендерде адамдар мен үй жануарларын эвакуациялау жоспары бекітілген. Орындар да әзір тұр. Қауырт маусымда іске 100-ден аса техника жұмылдырылатын болады.

Айта кетейік, биыл қызыл су Есіл ауданындағы 6 ауылға зардабын тигізуі мүмін.

Култанов Байболат