Денсаулық сақтау

№3 қалалық емханадағы цифрландыру шаралары

Дәрігердің қабылдауына жазылу және ақ халаттыны үйге шақырту. Бұл – 3-ші қалалық емхананың іске қосқан «СҚО мед» атты қосымшасының мүмкіндіктері. Қазіргі таңда бағдарламаны 7 мыңға жуық петропавлдық пайдаланады екен. Бұл – аталған емдеу мекемесінде жүргізіліп жатқан цифрландыру шараларының тек бір парасы ғана. Алдағы уақытта мамандар тұрғындарға тағы бірқатар электрондық қызмет ұсынбақ.

Электрондық кезек 3-ші қалалық емханада қаңтар айында енгізілген болатын. Сол уақыттан бері оның тиімділігін жүздеген петропавлдық көріп үлгерді. Терминал арқылы қазір дәрігер қабылдауына жазылып, қатарынан 3 кабинетке кезекке тұруға болады. Әрі мұнда кабинетке кіру ретін тосып тұрған жандардың саны да көрсетіледі. Ақ халаттылар мұнымен тоқтап қалмақ емес. Қазір олар IT саласының мамандарымен бірлесіп, дәрігерлердің қызмет көрсетуін бағалауға арналған QR-код жасап жатыр.

Марианна Нижегородова – №3 қалалық емхананың ұйымдастыру-әдістемелік кабинетінің меңгерушісі:

– QR-кодтар дәрігерлер кабинетінің есігінде ілініп тұратын болады. Тұрғын қабылдаудан соң қызметті 5 балдық шкала бойынша бағалай алады. Ол үшін сканерлеуге арналған бағдарламаны телефонға жүктеп алу қажет. Кейін соның көмегімен кодты оқып, баға беру парақшасына өтеді.

Емханаға 71 мыңға жуық қала тұрғыны тіркеулі. Қазір емдеу мекемесінде «СҚО мед» қосымшасы іске қосылған. Оның көмегімен дәрігер қабылдауына жазылуға не болмаса оны үйге шақыртуға болады. Сондай-ақ, мұнда науқастардың картасы да сақталады екен. Ал алдағы уақытта талдаулардың нәтижелерін де бағдарламадан көру мүмкіндігі қарастырылмақ. Облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахметтің сөзінше, бұндай қадамдар арқылы парақорлықты жеңуге болады.

Мадияр Қожахмет – СҚО әкімінің орынбасары:

– «Қызылжар – адалдық алаңы» кеңсесінің бастамалары арқасында тұрғындардың дәрігерлерге деген сенімін нығайтқымыз келеді. Бұл ретте қанатқақты жобаны жүзеге асыру үшін 3-ші қалалық емхананы алып отырмыз. Мұнда қазір сандық технологиялар енгізіліп жатыр. Бағдарламалар оң нәтижесін беріп жатса, цифрландыру шараларын басқа да емдеу мекемелерінде қолға аламыз.

Емхана дәрігерлері де қол қусырып отырмақ емес. Ақ халаттылар тұрғындардың ыңғайлылығы үшін өзге де жобаларды енгізуді қарастырып жатыр.

Эльмира Садвокасова