Ауыл шаруашылығы

Сәуір айында өңірдегі өзен-көлдерге 46 млн дернәсіл жіберілмек

46 млн дернәсіл. Осынша ұсақ тіршілік иесін Петропавл балық питомнигінің мамандары сәуір айының соңында  өңірдегі өзен-көлдерге жіберуді жоспарлап отыр. Қазір тәлімбақта сиг тұқымды су жануарларының уылдырықтары дернәсілге айналып жатыр.

Мына цехта инкубация процесі жүріп жатыр. Нақтырақ айтсақ, шыны ыдыстарда сиг тұқымды балықтардың уылдырықтары дернәсілге айналуда. Оларды мамандар күні-түні бақылайды. Бірінші кезекте судың температурасын қадағалайды. Қазір колба ішіндегі термометр 1-1,5 градус жылыны көрсетіп тұр. Бұл қалыпты екен. Ал сәуір айының соңында сынап бағанасы 6-ға дейін көтеріледі. Сол кезде көз алдарыңыздағы дөңгелек тіршілік иелері табиғи жолмен жарылып, дернәсіл пайда болатын көрінеді.

Рустам Жаңабаев – Петропавл балық питомнигі директорының орынбасары:

– Өткен жылдың қазан, қараша айларында 75 млн уылдырық жинадық. Оларды өңіріміздегі және Қостанай мен Ақмола облыстарындағы су айдындарынан алып келдік. Сөйтіп, инкубация процесі басталды. Бұл үрдіс жарты жыл көлемінде жүргізіледі. Осы уақыт ішінде уылдырықтар өсіп, дернәсілге айналады.

Бір айта кетерлігі, күзде мамандар өте көп уылдырық жинайды. Өйткені, инкубация кезінде олардың біразы тірі қалмайды екен. Өлгендерін мұндағылар алып тастап, жұмысты одан әрі жалғастыра береді.

Рустам Жаңабаев – Петропавл балық питомнигі директорының орынбасары:

– Сәуір айының соңында Петропавл және Сергеев су қоймаларына 46 млн дернәсіл жібереміз. Осылайша мемлекеттік тапсырысты орындаймыз. Былтыр дәл осы су айдындарына 27 млн дернәсіл босатқан едік.

Қазір тәлімбақтағылар дернәсілдерді қабылдауға әзірленіп жатыр. Олар бассейндерді дайындап, санақ жұмыстарына арналған торларды құруда. Жалпы, биыл Петропавл балық питомнигіне мемлекеттік бюджеттен 39 млн теңге бөлініпті.

 

 

Култанов Байболат