Балалар

Петропавлдық жастар агротехникалық құрылғы жасады

Ауыл шаруашылығының барлық жұмыстарына арналған агротехникалық құрылғы. Мұндай дүниені Химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің студенттері жасап шығарды. Туынды адамның көмегінсіз тұқым себеді, жер жыртып, алқаптарды суарады.

Бұл – жергілікті оқушылардың қиялынан туылған заманауи туынды. Оны Арыстан Төлешов пен Владислав Крупец жасап шығарды. Назарбев Зияткерлік мектебінің студенттері әзірлеген дүние бірнеше қызметті қатар атқарады. Мысалы, ол жер жыртады, алқаптарды суарады, тұқым себеді. Бір қызығы, мұның бәрін адамның көмегінсіз орындайды.

Арыстан Төлешов – Химия-биология бағытындағы НЗМ студенті:

– Бұл – космоста немесе біздің ауыл шаруашылығында пайдаланатын автоматтандырылған жоба. Біз мына жобаға викинг атауын бердік. Бұл ауылшаруашылық істерді орындайды. Мысалы, мына нәрсе күн сәулесі арқылы қуаттанады.

Заманауи техниканың тағы бір артықшылығын айтайық. Онда веб-камера орнатылған. Соның көмегімен адамдар аппарат атқарып жатқан жұмыс барысын қашықтықтан көре алады.

Василий Крючков, Химия-биология бағытындағы НЗМ физика пәні мұғалімі:

– Оқушылар жасаған жаңа техниканың адам өміріне қаупі жоқ. Оны дамытып шығару баршамыз үшін тиімді болмақ. Сол себепті, жобаны алғаш ұсынған сәтте қолдау таныттым. Құрылғыны әзірлеу қиынға соқпады. Біз туындыны 2 айға жеткізбей жасап шығардық.

Жерлестеріміздің арманы асқақ. Олар болашақта жасаған дүниелерін ғарышқа жіберуді армандайды. Осылайша, құрылғыны басқа бағытта тәжірибеден өткізіп көрмек. Айта кетейік, заманауи қондырғы бізден бөлек, Германия мен АҚШ-та бар.

Молдир Шаяхмет