МТРА жаңалықтары

Петропавлда сапасыз су сүзгісін сататын алаяқтар жүр

Петропавлда сапасыз су сүзгісін сататын алаяқтар жүр. Олар өздерін “Қызылжар су” кәсіпорнының өкілдеріміз деп таныстырып, қарт зейнеткерлерге жарамсыз қондырғыны қымбатқа өткізіп жібереді екен. Арамзалардың қулығы соншалық, қариялардың біріне олар 250 теңгенің қосалқы бөлшегін 25 мыңға сатқан. Алаяқтар, әсіресе егде жандардың сенгіштігін пайдаланатын көрінеді.

Абай көшесі бойындағы 45-ші және 47-ші үйлерде егде жастағы зейнеткерлер көп тұрады. Былтырдан бері бұл баспаналарға су сүзгілерін сататын үш жас жігіт келетін болған. Нарықтағы бағасы 150-180 мыңды құрайтын тіршілік көзін тазартқыш қондырғыларды олар 65-80 мың теңгеге сатып, орнатып беретін көрінеді. Бір қарағанда, үнемді көрінгенімен, бұл алдап-сулаудың әдісі екен.

Ирина Яуфман – “Эврика” тұтынушылар кооперативінің төрайымы:

– Олар тұрғындарға сапасыз, бір рет қана пайдалануға жарайтын сүзгілерді сатқан. Бұл дүниелердің картриджін ауыстыра алмайсың, өндірушісі де белгісіз. Мен бұл алаяқтарды бірнеше рет аулада көріп, қуып жібердім, есіктерге ескерту хабарламаларын да іліп қойдым.

Алаяқтардың әрекет ету схемасы қарапайым. Олар көбіне қарт адамдарды таңдайды. Қариялардың сеніміне әбден кіріп алған қулар су тазартқыш сүзгінің тиімділігі мен қажеттілігін айтады екен. Бұған иланған зейнеткер тыққан-мыққан ақшасын беріп, қондырғыны сатып алады. Алайда, аз уақыттан соң сапасыз сүзгі, әрине істен шығады. Ең қызығы, айлакерлер өздерін жергілікті “Қызылжар су” компаниясының өкілдері деп таныстырады екен. Тіпті, құжаттарын да көрсеткен. Алайда, қаланы ауыз сумен қамтушы серіктестік өкілдері сүзгі сатушыларымен байланыстың жоқ екендігін айтты.

Марал Бектасова – “Қызылжар су” ЖШС баспасөз хатшысы:

– Қызылжар су” ЖШС санитарлық ережелерге сәйкес халықты ауыз сумен қамтамасыз етіп отыр. Біздің қызметкерлер ауыз суды тазалау үшін тұрмыстық сүзгілерді тарату және сатумен айналыспайды.

87 жастағы Анвар Рахматулин сүзгі сатушылардың арбауына бір емес екі рет түскен. Алайда, ол бізбен тілдесуден бас тартты. Мән жайды көршісі Надежда Титяева айтып берді. Оның сөзінше, қарияны алдаудың оңайлығын сезген арамзалар оған үшінші рет те келіпті. Бірақ, қитұрқы әрекеттері бұл жолы іске аспаған.

Надежда Титяева – қала тұрғыны:

– Былтыр алаяқтар қарияға су ағатын кранға арналған қарапайым саптаманы 25 мыңға сатыпты. Ал шаруашылық дүкенінде ол 250-300 теңге ғана тұрады. Жуырда қарт көршім маған қоңырау шалып, бәз біреулердің бір қондырғыны орнатып жатқанын айтты. Мен жүгіріп барып, жігіттерден құжаттарын сұрадым. Олардың қолдарында қала зейнеткерлерінің тізімі болды. Қайдан алғандарын білмеймін. Полиция шақырып, алаяқтарды ұстап тұрдым. Тәртіп сақшылары оларды алып кетті, бірақ тез босатты. Барлық құжаттары бар деді.

Облыстық ПД өкілдерінің айтуынша бұл іс азаматтық құқықтық қатынастар сипатына ие. Сондықтан, тұрғындарға тура сотқа жүгіну қажет.

 

Саят Ермек