Мәдениет

Мәскеулік режиссермен кездесу өтті

Танымал туынды жаңаша нұсқада сахналанбақ. Жуық арада облыс орталығында Уильям Шекспирдің  “Ромео мен Джульетта” трагедиясының желісі бойынша құрылған қойылым көрсетіледі. Спектакльді қоюшы – мәскеулік жас режиссер Галина Зальцман. Премьера күні қарсаңында ол теріскейлік жастармен жүздесті.

Қойылымда Ромео мен Джульеттаның бір-біріне деген сезімі ғана баяндалып қоймайды. Онда қос ғашықтың махаббат жолындағы күресі мен өмір қиындығы да баяндалады. Осылайша ресейлік дарынды режиссер Галина Зальцман ағылшын драматургінің ең танымал шығармасын заманауи жағынан сахналап көрмекші.

Галина Зальцман, қоюшы-режиссёр, Мәскеу қаласы, РФ:

– Қай шығарманы алсаң да, негізінен барлығы бір-біріне ұқсас келеді. Бірақ, бүгін біз таңдап отырған оқиға 16-ғасырда болып өткенімен, оны қазіргі заманмен ұштастырамыз. Ақ пен қара киім киген кейіпкерлеріміздің сіздер білмейтін қырларын ашамыз.

Қойылымды сахналауға облыстық орыс драма театрының актерларымен қатар өнер колледжінің студенттері де қатысады. Мария Лырчикова көріністе Маб ханшайымды сомдайды.

Мария Лырчикова, өнер колледжінің студенті:

– Галина Зальцман қойылымға студенттердің де қатысуын сұрағанда бірден келістім. Өйткені, мәскеулік режиссердің өз жұмысын ынтамен атқарып, жаңашылдық аша білуі мені қатты қызықтырды.

Спектакльдің премьерасы Жастар жылына орай ұсынылғалы отыр. Жаңаша қойылатын туынды өнерсүйер қауымға сәуірдің 12-сінде паш етіледі.

 

 

Маржан Қасымбек