Білім

Қамқоршылық кеңестерінің жұмысы

Мектеп бюджетінің тиімді жұмсалуы, директорды тағайындау және білім мен тәрбие жұмыстары. Бүгіндері оқу ошақтарындағы осы мәселелердің барлығы қамқоршылық кеңестерінің бас болуымен шешілуде. Ондай ұйымдар елімізде 2017 жылдан құрыла бастаған.

Бүгіндері өңір мектептерінде 313 қамқоршылық кеңесі жұмыс істейді. Олардың бұрынғы ата-аналар комитетінен айырмашылығы жер мен көктей. Ең алғашқысы және қазіргі таңда маңыздысы – ол ұйым қаржы жинамайды.

Гүлмира Кәрімова – СҚО білім басқармасының басшысы:

– Егер де бұрынғы жылдар ата-аналардан ақша аударымдары жасалса, қазіргі таңда қамқоршылық кеңестерінің міндеті мектепке көмектесу болып табылады. Тек ол білім және тәрбие жағына қатысты. Бірге мектеп басшысын қабылдау. Егер ол адам кеңес мүшелеріне ұнамаса, онда ол келесі турға өтпейді.

Яғни, алдағы уақытта ата-аналардан қаржы жиналмайды. Тек белгілі бір оқу ошағына қаржылай қолдау көрсеткісі келетін меценаттар ғана бұл жұмысты жасай алады. Оның өзінде ақшаны тікелей мектепке апарып бермей, арнайы шотқа салады. Бұл қызмет түрін оңтайландыруға «Қызылжар-адалдық алаңы» кеңсесі мен Халық банкінің өкілдері атсалысқан екен.

Саида Қабжанова – «Қазақстанның халық банкі» АҚ СҚОФ директорының орынбасары:

– Біз бас банкпен бірге жедел түрде бұл мәселені шешуге тырыстық. Сөйтіп, интернет банкинг арқылы ақша төлемдерін аударуға мүмкіндік жасадық. Және қаржыны тек біздің банктің карточкасын пайдаланатындар ғана емес, өзгелер де аудара алады. Яғни, бұл істі орындау үшін арнайы жасалған «Хоум банк» қосымшасын пайдалану қажет. Ол тегін түрде жүргізіледі.

Сондықтан, шара барысында Қазақстанның халық банкінің облыстық филиалының өкілдері мен білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова меморандумға қол қойысты.
Негізі, қамқоршылық кеңестерінің жұмысы мектептердің дамуына жақсы қолдау көрсететін сыңайлы. Айталық, 2017 жылы әл-Фараби мектеп-лицейінде құрылған осындай ұйым 2 жыл ішінде талай істі тындыруға септескен.

Талант Молдабаев – әл-Фараби мектеп-лицейі қамқоршылық кеңесінің төрағасы:

– Былтыр оқушылардың Түркістан қаласына сапарға барып келуін ұйымдастырдық. Мектепке 5 домбыра әперілді. Біз өз балаларымызға қамқорлық жасап жатырмыз. Өйткені, онда балаларымыз оқиды. Мектепке жағдай жасауымыз, балаларымызға жағдай жасағанмен тең. Сондықтан, барлық мектептерде кеңестер болу керек.

Қамқорлық кеңестерінің құрамына кәсіпкерлер және мектептің өміріне бейжай қарамайтын жандар кіреді. Сондықтан, «келісіп пішкен тон келте болмас» демекші, оқу ошағында туындаған мәселелер ұйымның көмегімен бірлесіп шешімін табуда.

Магжан Ахмадина