Аптадағы маңызды жаңалықтар

Уәлиханов ауданындағы жағдай тұрақтала бастады

Облыс басшысы Құмар Ақсақалов осымен үшінші күн Уәлиханов ауданына қарасты Қулыкөл мен Қаратал ауылдарында жүр. Ол басқарған жедел штаб елді мекендерде апаттың алдын алу жұмыстарын атқарып жатыр. Айта кетейік, Ақмола облысындағы Сілеті су қоймасынан қазір секундына 574 текше метр су ағызылуда. Бұл нормадан едәуір көп. Бар-жоғы 3 күн ішінде қос ауыл 154 млн текше метр тіршілік көзін қабылдап, су астында қала жаздады. Сондықтан, құтқарушылар қарт адамдар мен балаларды тікұшақпен қауіпсіз аумаққа көшіріп, арнайы техниканың көмегімен бөгеттерді биіктетті.

Қызыл су келуі мүмкін елді мекендердің бірі – Уәлиханов ауданына қарасты Қулыкөл ауылы. Қазір мұнда тасқынның алдын алуға бағытталған шаралар жүргізілуде. Арнайы техника селоның шетінде орналасқан бөгеттерді барынша биіктетіп жатыр. Бұл іске ауылдағы ағайын да ат салысуда.

Еркебұлан Әшім – Қулыкөл ауылының тұрғыны, Уәлиханов ауданы:

– Осы жағдай жылда қайталанады. Түні бойы басында жүрдік, ұйықтаған жоқпыз осы жерді күзетіп. Ауыл тұрғындары жақсы көмектісіп жатыр. Үйренген нәрсе. Енді Алла біледі алда не болатынын.

Бүгінде қос ауыл арасындағы жолды су шайып кеткен. Салдарынан байланыс та үзіліпті. Қараталда мұндай төтенше жағдай соңғы 2015 жылы орын алған. Ол кезде тасқын ауылға кірген екен. Қазір тұрғындар уақытша жергілікті мектепті паналауда. Солардың бірі – Эльвира Шаймағанбетова. Ол эвакуациялық пунктте 3 баласымен жайғастырылған.

Эльвира Шаймағанбетова – Қаратал ауылының тұрғыны, Уәлиханов ауданы:

– Облыс әкімі келіп, өзінің халқы үшін келіп отыр ғой. Алғыс білдіреміз. Қатты қауіпті болмай, осыдан да өтіп кететіне сенеміз. Істелініп жатқан барлық жұмыстары ақталып. Рахмет.

Қызыл судың алдын алу үшін құрылған арнайы штаб үшінші күн осында. Оның жұмысын аймақ басшысы Құмар Ақсақаловтың өзі басқарып, бақылап жүр. Облыс әкімі барлық қызметтер күн-түн демей қызыл судың алдын алуға бағытталған тиісті шараларды жүргізіп жатқанын жеткізді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Тиісті службалармен бірге бірігіп, барлық қажет ететін шараларды қабылдап жатырмыз. Ең біріншіден, бүгінгі күні осы екі ауылдың тұрғындарына ешқандай қауіп жоқ. Екі күн бойы Сілеті су қоймасынан 574 куб бір секундасына су кетіп жатыр. Бірақ, та бүгіннен бастап судың сәл ған төмендеуін көріп отырмыз. Барлық қажет ететін шараларды қабылдап жатырмыз.

Басты мақсат – тұрғындардың өмірі мен мал-мүлкін сақтап қалу. Сондықтан, көмекке Петропавл ғана емес, елорда мен Павлодар облысынан да мамандар келген. Барлығы – 40-қа жуық құтқарушы – күні-түні кезекшілікте.

Ерік Сарыбаев – СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Алдын ала 27-ші наурыздан бастап осы судың тасталуын күтуіне байланысты алдын ала күш пен құралдар жіберген болатын. Екі бірлік техника және де 6 адам. Сонымен қатар, департаменттен тағы да қосымша күш пен құралдар келді. 10 адам құтқарушыдан, сонымен қатар 4 бірлік техника. Бұлар – өтімділігі жоғары техникалар.

Айта кеткен жөн, қазір судың қарқыны шамалы бәсеңдеп, деңгейі түсе бастаған.

Саят Ермек