Балалар

Пәндік олимпиада жүлдегерлері марапатталды

Солтүстікқазақстандық мектеп оқушылары республикалық пәндік олимпиадалардан жүлделі оралды. Жерлестеріміз наурыз айында Ақтөбе мен Қызылорда қалаларында өткен білім жарыстарында 20 бірдей жүлдені жеңіп алды. Осылайша теріскейлік жастар жалпы құрамалық есепте 2-орынға ие болды.

Мына жастар жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанып келіп отыр. Олардың бір тобы Ақтөбе қаласында жаратылыстану-математика бағытындағы пәндер бойынша өткен олимпиадада жүлде иеленді. Ал екіншілері Қызылорда қаласындағы ұйымдастырылған білім сайысында жеңіс тұғырынан көрінді. Онда солтүстікқазақстандық мектеп оқушылары қоғамдық-гуманитарлық бағытта сынға түсіп, қанжығаларын майлады.

Гүлмира Кәрімова – СҚО білім басқармасының басшысы:

– Бұл олимпиадаға біз 70 оқушы жіберген болатынбыз. Олардың 20-сы олжалы болды.

Қызылордада өткен олимпиадада Айша Салықова 1-ші орын алды. «БЭСТ» гимназиясының 10-сынып оқушысы ағылшын тілінен бақ сынап, алдына жан салмапты. Ол сайыста өзіне жүктелген тапсырмаларды сәтті орындап, 200 ұпайдың 188-ін иеленген екен.

Айша Салықова – «БЭСТ» гимназиясының 10 сынып оқушысы:

– Қысқы демалыста облыстық олимпиада өтті. Сонда жеңіске жеткеннен кейін республикалық білім сайысына дайындықты бастадық. Бізбен білікті мамандар жұмыс жасады. Соның арқасында топ жардым дегім келеді. Өзім ағылшын тілін 1-ші сыныптан бастап оқимын.

Шарада оқушылар білім алатын мектептердің директорлары және ұл-қыздарды олимпиадаларға дайындаған жетекшілер марапатталды. Оларға білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова алғыс хат табыстады. Өңір намысын абыроймен қорғап қайтқан балалар да назардан тыс қалмады. Жастарға “Знание” дүкеніне ақшалай сертификаттар берілді.

Сөз соңында айта кетейік, қос олимпиаданың қорытындысы бойынша жерлестеріміз жалпы құрамалық есепте 2-ші орын иеленіпті. Өткен жылы қатысқан оқушылар да осы сатыдан көрінген болатын.

 

 

Култанов Байболат