Балалар

2 сәуір – Бүкіләлемдік аутизм жайлы ақпаратты тарату күні

2 сәуір – Бүкіләлемдік аутизм жайлы ақпаратты тарату күні. Осыған орай Петропавлда аутист балаларға арналған концерт өтті.

Осылай сахнадан аутист балалар өз проблемаларын жеткізіп, қолдау қажеттігін айтуда. Өйткені, олардың көпшілігі үйде оқытылып, ешбір секцияларға қатыса алмайды. Жылдар бойы мұндай диагнозға шалдыққан балғындар мен ата-аналардың жан майқайын ешкім естімей келген.

Татьяна Ковалева – «Мой ребенок» ҚБ жетекшісі:

– Осыған дейін балаларымызды дамыту үшін ғимараттарды өз қаражатымызға жалдайтынбыз. Оның үстіне кей балабақшалар мен мектептер аутисттерді алуға асыға қоймайтын. Ал енді бізге әкімдік тегін түрде 21-ші мектептен үлкен бөлме беріп отыр. Оған осы диагнозбен сырқаттанған қаладағы барлық балалар келе алады. Тағы «Жас дарын» мектебінде аутист балаларға түрлі үйірмелер ашылыпты. Сөйтіп, олар би, музыка және сурет салу сабақтарына қатысуға мүмкіндік алып отыр.

Бұдан бөлек, аутизм дертіне шалдыққан балғындар футбол, теннис және мәнерлеп сырғанау сынды спорт секцияларына да қатыса алады. Өйткені, ондай жандар бір шұғылданған нәрсемен өмір бойы айналыса алады екен. Бұған дәлел ретінде шарада есімдері күллі әлемге танымал тұлғалар мысал ретінде келтірілді. Ол – Альберт Энштейн, Билл Гейтс және Леонель Месси. Сондықтан болар, ата-аналар дертке шалдыққан балаларының өзгелер сынды болғанын қалайды.

Евгения Гунгер:

– Балам үйде оқытылады. Онымен әкесі екеуіміз кезектесіп айналысамыз. Кейде арнайы маман келіп, қадағалап тұрады. Жалпы, ұлым өлең оқып, ән айтқанды жақсы көреді. Мен қоғамда аутист дертіне шылдыққандарға көзқарастың өзгергендігін қалаймын.

Залға жиылған көпшілік ата-ананың тілегі де осы. Сондықтан, олар концертте балаларымен бірлесіп бір күн болсын күйбең тірлікті ұмытып, көңіл көтерді.

Жалпы, бүгіндері әлемде аутист дертіне шалдыққан 10 млн-нан астам адам бар.

 

Магжан Ахмадина