ТЖ

Облысқа қызыл су келіп жетті

Жаңа ғана көргендеріңіз – сенбідегі жағдай. Ал жексенбі күні өңірдегі ахуал өзгерді. Сілеті су қоймасынан үлкен мөлшерде су босатылып, облысымыздың бірнеше ауданына тасқын келді. Әзірге, табиғи апат облыстық маңызға ие жолдарға зардабын тигізді. Дегенмен, өлкемізге әлі де тіршілік көзі келіп жатыр.

Ақмола облысына қарасты Сілеті су қоймасынан соңғы 2 тәулік ішінде 95 млн текше метрдей су босатылыпты. Салдарынан тасқын өңірдегі Уәлиханов, Ақжар және Тайынша аудандарына қауіп төндірді. Мәселен, еріген қар суы Қаратал мен Қулыкөл ауылдарына апаратын негізгі трассаны басқан. Енді, аталған елді мекендерге айналма жол арқылы ғана баруға болады. Бірақ, қазір ол жаққа да үлкен көлемдегі су келіп жатыр. Апат орнында құтқарушылар жұмыс істеуде. Аймақ басшысы да Уәлиханов ауданында екендігін айта кетейік.

Рамиль Камалов – СҚО ТЖД бастығы:

– Қазір Сілеті өзенінен келіп жатқан суды лимандық жүйе бойынша бір аумаққа жинап жатырмыз. Осындай тәсіл алқылы екі ауылға төнген қауіпті сейілткіміз келеді. Тасқын басқан жерде 25 бірлік техника жұмыс істеуде. Практикалық көмек көрсетуге 15 құтқарушы келді. Олардың барлығы жүзу құралдарымен жабдықталған.

Ал Сергеев су қоймасында жағдай, әзірге тұрақты. Ол жердегі судың деңгейі тәулігіне 2 см-ге өсіп жатыр. Арнасынан асуына әлі 36 см бар. Мамандар өлкемізде ең үлкен өзен – Есілден бөлек, кішілерін де бақылауда. Әсіресе, қызметкерлер Ақанбұрлық және Шарықты қадағалауда. Бұл екеуінде мұздың жылжуы басталыпты.

Рамиль Камалов – СҚО ТЖД бастығы:

– Сонымен қатар, кіші өзендерді және Сілеті мен Шағалалы өзендерін де бақылап жатырмыз. Соңғы екі тәулік ішінде оларға үлкен көлемдегі су келіп түскен болатын. Қазір жағдай біраз саябырсыды. Мәселен, бүгінгі күні Шағалалыға секундына 33 текше метр көлеміндегі тіршілік көзі құйылуда. Мұның салдарынан Тайынша ауданындағы жолды тасқын басу қауіпі бар.

Тайынша ауданындағы Калиновка селосына да қауіп төнді. Еріген қар суынан елді мекенге алып кіретін жол зардап шекті. Сондықтан, ауылға айналма трасса арқылы бару қажет. Жалпы, бүгінгі күні тасқын Тайыншадан бөлек, Уәлиханов, Ақжар, және Ғабит Мүсірепов аудандарындағы облыстық маңызға ие жолдарды басты деген ақпарат бар. Оқиға орындарында құтқарушылар жұмыс істеп жатыр.

Култанов Байболат