Спорт

“Құлагер” ХК марапаттау рәсімі өтті

7 ай, 55 ойын мен қола жүлде. «Құлагер» ХК үшін жеңістер мен жеңілістер қатар жүрген маусым аяқталды. 4 жыл бұрын құрылған команда Қазақстанның ашық чемпионатында екінші мәрте 3-ші орынға табан тіреді. Сенбі күні жергілікті имек таяқ шеберлерін марапаттау рәсімі өтті.

Спорт сарайындағы атмосфера – құлагерліктер қарсылас команданың қақпасына шайбаны үздіксіз салып жатқандай. Трибуналарда – у-шу. Олай болмағанда ше. Айдынға Қазақстанның ашық чемпионатында өңір намысын қорғап, теріскейліктерге ерекше эмоция сыйлаған хоккейшілер шығуда. Міне, 55 ойынды өткізіп, нәтижесінде біріншіліктің қола жүлдегері атанған – “Құлагер” командасы. Жергілікті имек таяқ шеберлерін облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың атынан орынбасары Мадияр Қожахмет құттықтап, сәттілік тіледі.

Мадияр Қожахмет – СҚО әкімінің орынбасары:

– Біз «Құлагерліктерді» мақтан тұтамыз. Команда табандылық танытып, мықты құрамаға лайықты ойындар көрсете білді. Бұл ретте хоккейшілерді дайындап, бүгінгі жетістікке жеткізген бапкерлерге ерекше алғыс айтамын. Оған қоса, жанкүйерлерді де атап өту қажет. Сіздердің қолдауларыңыз құрамаға әрдайым дем беріп отырды. Жергілікті имек таяқ шеберлерінің алатын асуы алда екеніне сеніміміз мол.

Бүгінде спортшылардың жүздерінде – қуаныш. Кеше ғана ол үміт пен қобалжуға толы болды. Бұл құраманың 4 жылдық тарихындағы ең ауыр кезең деп танылды. Хоккейшілер бірінен соң бірі жарақат алып, саптан шыққан еді. Солардың бірі – қақпашы Андрей Янков. Ол бар-жоғы 17 ойынға қатысып, кейін маусымды айдын сыртында жалғастыруға мәжбүр болды. Қиыны сол – ойын барысын өзгертуге еш ықпалын тигізе алмай, командаңа тек жанкүйер ретінде қолдау көрсету дейді имек таяқ шебері.

Андрей Янков – «Құлагер» ХК қақпашысы:

– Павлордарда «Ертіске» қарсы өткізген ойында жарақат алдым. Соншалықты ауыр екен деп ойлағаным жоқ. Анықталғандай, аяқтың алдыңғы айқыш байламын жыртып алыппын. Жарты жылға қатардан түсіп қалдым. Қазір жағдайым әжептәуір оңалды. Шілде айында басталатын жаттығулардв командама қайта қосыламын.

Хоккей тек нағыз ерлерге арналған спорт деп бекер айтылмаған. Әр ойын – ол нағыз күрес. Бірінші кезекте – өзіңмен, кейін ғана қарсыласпен тартысқа түсесің дейді құрама капитаны Ильгиз Нуриев. Бұған команда шабуылшысы, әсіресе, жартылай финалға жолдама алу үшін өткізген матчтарда көз жеткізіпті.

Ильгиз Нуриев – «Құлагер» ХК капитаны:

– Плей-офф кезеңіне жолдама алуда “Ертіс” құрамасымен өткізген ойындар барша команда үшін оңайға соқпады. Сериядағы есеп 3:1 еді. Қарсыластарымызға бар-жоғы бір жеңіс керек болатын. Павлодардағы сырт алаңдағы ойынға біз «не болса да тізгінді бермейміз» деген оймен бардық. Көптеген хоккейшілеріміз айдынға жарақатпен шықты. Олар ауырып тұрғандарын ұмытып, ортақ идея үшін бар жандарын салды.

Құрама капитаны келесі маусымды да құлагерліктердің қатарында жалғастырмақ. Айтуынша, мансабын өзінің командасында аяқтайтын болады. Алайда, бұны ойлау әлі ерте. Мақсат – Қазақстанның ашық чемпионатының жеңімпазы атану. Бірақ, 1-ші шілдеде басталатын жаттығуларға кей ойыншылар қатыспайды.

Олег Гущин – «Құлагер» ХК бас бапкері:

– Өкінішке қарай, өте мықты ойыншыларымыздың бірі – Дамир Рамазанов отбасылық жағдайларға байланысты
командадан кетуге мәжбүр. Максим Первухинге қазір жоғарғы лиганың командасынан ұсыныс түсті. Әлі ойланып жүр. Бұл ретте жаңа хоккейшілерді іздестірудеміз. Келіссөз жүргізуді бастап кеттік. Мамыр айында құрама толық жасақталатын болады.

Атап өту қажет, бұл – құлагерліктердің Қазақстанның ашық чемпионатындағы екінші қола жүлдесі.

Эльмира Садвокасова