ТЖ

Өңірдегі жағдай тікұшақпен бақыланды

Бұған дейін де хабарлағанымыздай, өңірдегі 92 елді мекенді су басуы мүмкін. Ол ауылдарда 8 мыңнан аса адам тұрып жатыр. Тасқын қаупі төнген елді мекендердегі жағдай мен облыс аумағындағы жалпы ахуал тікұшақпен бақыланды.

Облыс басшылығы көктемгі қауырт маусымға асқан жауапкершілікпен қарайды. Өзен-көлдердің бетіндегі мұз қаншалықты еріген, тіршілік көзінің арналарынан асып, елді мекендерді басу қаупі қаншалықты жоғары? Тікұшақпен жоғарыдан бақылау – жағдайды бағамдаудың ең оңтайлы әдісі. Әуе көлігінің бортында – аймақ басшысының орынбасары Асқар Сақыпкереев, ТЖД мамандары және Айыртау мен Ғ.Мүсірепов аудандарының әкімдері. Себебі, бұл 2 ауданға қызыл судың келуі әбден мүмкін.

Асқар Сақыпкереев – облыс әкімінің орынбасары:

– Өңір аумағында жатқан қар көлемі әлі көп. Ақ ұлпа, әсіресе, Айыртау мен Ғ.Мүсірепов аудандарында молынан. Кішкентай көлдер қалың мұзбен жабулы жатыр. Әзірге, олар қарқынды еріп жатқан жоқ. Сондықтан, күн жылынса еріген қар суының күшті ағыны күтілуде.

Жалпы, биыл өңірдегі 92 ауылға тасқын зардабы тию мүмкін. Апатты деп танылған елді мекендерде 8 мыңнан аса адам тұрады. Төтенше жағдайға жол бермес үшін құтқарушылар әр ауданда штаб құрыпты. Ол жерге барлық ақпарат түсіп отырады. Егер де шұғыл мәлімет келген болса, қауіпті аймаққа арнайы топ өкілдері жіберіледі.

Ерік Сарыбаев – СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Қазір ауа райы температурасы күндіз 0 градустың үстінде. Сол себепті, қардың еруі жалғасады. Қауіпті деп танылған өзен-көлдерде жару жұмыстары жүргізілді. Бақылау шараларын жалғастырып жатырмыз. Енді, суды ағызу үшін қажетті аймақтарда мұзды кесетін боламыз.

Мамандар, әзірге қызыл судан зардап шеккен ауылдар жоқ дейді. Бірақ, жағдай әр сағат сайын өзгеріп жатыр. Сондықтан, құтқарушылар күшейтілген режимде жұмыс істемек.

Култанов Байболат