Балалар

Жастармен өткен кездесу

Біреуінің өнерде жұлдызы жанса, екіншісі мемлекеттік қызметте жетістікке жеткен. Петропавлда оқушылар мен студенттер актриса Самал Еслямова және жастар саясаты мәселесі жөніндегі басқарма басшысы Ирина Тухватулинамен кездесті. Олар меймандарға қызықтырған сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алды.

Самал Еслямова – қазақстандықтарға ғана емес, бүкіл әлемге аты шыққан актриса. “Айка” фильміндегі рөлі үшін Канн кинофестивалінде және Түркияда өткен кино байқауда ең үздік актриса мен Гонконгте табысталған “Азияның үздік актрисасы” атағын жеңіп алған. Жерлесіміз бала кезінен журналист, әсіресе диктор болуды армандапты. Бірақ, актерлік жолды таңдаған екен. Бүгінгі кездесуде Самал Еслямова өмірлік ұстанымымен де бөлісті.

Самал Еслямова, актриса:

 – Ең бастысы – жақсы адам болу, өз өміріңді жақсы өмір сүріп, ешкімге жамандық жасамау.

Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Ирина Тухватулинаға Елбасымен кездесу бақыты бірнеше рет бұйырған. Бұл жүздесу бұрынғы тарих пәнінің мұғаліміне мемлекеттік қызметті таңдауға әсер еткен.

Ирина Тухватулина, СҚО жастар саясаты мәселесі жөніндегі басқармасының басшысы:

 – Бұл жұмыс үлкен жауапкершілік пен шыдамдылықты талап есте де, өз қызметімнен ерекше қуат аламын. Жастар жылына орай өткізіліп отырған әр шарада Елбасымыздың еңбегін паш етеміз.

Айтылған өнегелі дүниелерді мұқият тыңдап отырған жастардың бірі – Алмагүл Тастанова. М.Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледж студенті үлгі тұтарлық тұлғалармен сырласу ғанибет екенін жасырмады.

Алмагүл Тастанова, М.Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледж студенті:

– Бүгінгі күні осындай жарық жұлдыздармен кездесудің бақыты бұйырып отырғанына шын жүректен қуаныштымын. Себебі, ат тұяғын тай басар дейді, осындай кісілерден аларымыз көп.

Сұхбат барысында Самал Еслямова сәуір айының 10-ынан бастап Ресейде тағы бірқатар киножобаларға қатысатынн айтты. Бірақ, қандай рөлде ойнайтынын, әзірге жасырын қалдырды.

Ақтолқын Солтанханқызы