Балалар

Жастар қар тазалау жұмыстарына қатысты

Қайырымды жастар қарияларға көмектесті. Олар қолдарына күрек алып, жалғыз тұратын қарттардың үйінің маңын қардан тазалап берді. Бұл – күн жылынып, қардың еруі салдарынан ауланы су баспас үшін жасалып отырған игі іс.

Жайсановтар отбасы Жұмысшы кентіндегі Чапаев көшесінде тұрады. Қалаға Мамлют ауданынан былтыр ғана көшіп келіпті. Негізі, бұндай жағдайды бірінші рет көріп отырмыз дейді. Еріген қар суының маңайға жайылғаны соншалық, арнайы қызметтерді бірнеше рет шақыртуға тура келген. Бүгін бұл жерде облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының жас өкілдері мен Әскери институттың курсанттары еңбектенуде. Олар үйдің жанындағы үйіліп жатқан ақ ұлпаны күреп, шамалы уақыттың ішінде маңайды тап-таза қылды.

Серікхан Бекжан, ҚР ҰҰ Әскери нститутының курсанты:

 – Біз биыл Жастар жылы болғандықтан, жастармен бірге су тасқындарын алдын алу мақсатында осындай іс-шара өткіздік. Бізде бұндай іс-шараларға жылда қатысып тұрамыз.

Сабыр Жайсанов үй айналасындағы қарды бұған дейін өз күшімен тазалауға тырысқанымен, жалғыз өзінің қауқары жетпегенін айтады. Қиындық туғанда өз мейірімін аямай, қол ұшын созған жандарға дән ризалығын жеткізді.

Сабыр Жайсанов, қала тұрғыны:

– Биыл тұрып жатқанымызға – бірінші жыл. Бұндай жағдайды бірінші рет көріп тұрмыз. Рақмет. Әскери институттан келіп, көмектесіп жатыр.

Қарт адамдарға жәрдемдесу мақсатында ұйымдастырылған бұндай игі іс әлі де жалғаса бермек. Белсенді жастар алдағы 5 күннің ішінде тағы 15 үйдің маңайын қардан тазалауды жоспарлап отыр. Осындай көмекке мұқтаж қариялар экранда көрсетілген телефон нөмірі бойынша хабарласа алады.

Маржан Қасымбек