Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыстық мәслихаттың 32-ші сессиясы өтті

Жастар жылындағы арнайы шаралардың өткізілу деңгейі қандай? Бүгін Облыстық мәслихаттың 32-ші сессиясы өтті. Жиын барысында жастар мәселесі сөз болып, жергілікті ұл-қыздардың кезігетін проблемалары да айтылды.

Облыстық мәслихаттың 32-ші сессиясы жастар мәселесіне арналған сұрақтан басталды. Баяндама оқу мен оны талқылауға 30 минут уақыт берілді. 104 мың ұл мен қыз. Өңірдегі тұрғындардың 19 пайызы жастар санатына жатқызылады екен. Биыл оларға көрсетілетін қолдау мығым. Бастамаңды жүзеге асыруға көмектеседі, тұрақты жұмыс орнымен қамтиды, кәсіпкерліктің негіздерін де үйретеді. Бұл жергілікті жастар саясаты мәселесі жөніндегі басқарма жоспарының бір парасы ғана. Мақсатқа ел бюджетінен қомақты қаражат – 189 млн теңге бөлініпті.

Ирина Тухватулина – СҚО жастар саясаты мәселесі жөніндегі басқармасының басшысы:

– Өңірдегі жастар арасындағы жұмыссыздықтың деңгейінің кеміп жатқанын атап өту қажет. 5 жыл бұрын ол 7,6 пайызды құраса, қазір 3,1 процентке жетті. Бұның барлығы – аймақта іске асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесі. Мәселен, былтыр «Дипломмен ауылға» жобасы бойынша 352 адам қызметке тұрды. Тағы 677 ұл-қыз «Жасыл ел» жасағының қатарында еңбектенді. Биыл жұмысқа тұратындардың саны тағы артады. Өңірде жазғы уақытта құрылыс жасақтары жұмысын бастайды. Сөйтіп, 2000 бұрымды мен бозбаланы екі қолға бір күрекпен қамту жоспарда бар.

Алайда, облыстық мәслихат депутаттарының сөзінше, бұл – әдеттегі жоспарлы түрде жүргізілетін шаралар. “Жастар жылы” деп аталған 2019-дың онда басқалардан айырмашылығы неде? Елбасы біздің болашағымызға үлкен сенім артып, дәл осындай шешім жасаған болатын. Бірақ, Тұңғыш Президенттің бастамасы өңірде еленбей қала ма деген ойда жиналғандар. Бұл ретте жаңа жобалар мен бағдарламаларды қолға алу қажет. Әсіресе, қолдауды елді мекеннің жастарына көрсеткен жөн дейді облыстық мәслихат депутаты Юрий Белоног.

Юрий Белоног – облыстық мәслихат депутаты:

– Әр ауданда көзі жанып тұрған, мықты идеясы бар жастар жетерлік. Бірақ, олар әлі күнге дейін бәсең. Ұл-қыздарымызды орындарынын қозғалтып, тірлік жасауға шақыруымыз қажет. Осындай шараларды неге қолға алмайсыздар? Жастарды өңірдің әлеуметтік өміріне араластырып, спорт, мәдениет пен кәсіпкерлікте белсенді болуға шақыру қажет. СҚО жастар саясаты мәселесі жөніндегі басқармасына Жастар жылына арналған шараларды ұйымдастыру бойынша тағар мінім осы. Құлақ ассаңыздар деймін.

Олқылықтарды облыстық мәслихат депутаттары аудандарды аралап, жастармен өткізген кездесулер барысында анықтапты. Белсенді ұл-қыздар өздерінің ұсыныстарын да жеткізген көрінеді. Бірқатарын жиналған қауымға халық қалаулысы Біржан Жалғасбаев айтып өтті.

Біржан Жалғасбаев – облыстық мәслихат депутаты:

– Өз ісін ашу үшін бастапқы капиталы жоқ, кепілдендіруге қоятын мүліктерінің жоқтығын жеткізді. Бұл ретте «Даму» қоры жастарды қолдау үшін оларға арналған несие беру бағдарламасын іске қосса жақсы болар еді. Сондай-ақ, бұрын істі болған жастар да бар. Олар аяқтарын кезінде шалыс басты, қазір жұмысқа тұрып, жаңа өмір бастағылары келеді. Бірақ, оларды ешқайда жұмысқа алмайды.

Тағы депутат Zhas Project сынды бағдарламаларды жиірек қолға алу керектігіне назар аударды. Өйткені, аталған жоба жыл сайын әр өңірде кезекпен жүзеге асырылады екен. Былтыр оның көмегімен 67 теріскейлік өзінің ісін дөңгелету мүмкіндігін иеленді. Мұндай талапшыл жастардың аймақ бойынша саны әлі де көп. Кейін жиында кейбір білім және спорт мекемелеріне жерлес даңқты тұлғалардың есімін беру туралы мәселе қаралды. Осылайша, республикалық ономастикалық комиссия қарауына Жамбыл ауданына қарасты Преснов жалпы орта білім беру мектебін – Қожаберген жыраудың, ал облыстық мамандандырылған балалар және жасөспірімдер спорт мектебін КСРО спорт шебері, әлем кубогының иегері Камиль Сафиннің құрметіне атау туралы ұсыныс жолданатыны туралы айтылды.

Эльмира Садвокасова