МТРА жаңалықтары

Көшедегі қоршау тұрғындарға кедергі келтіріп тұр

Ал енді қала тұрғындарының базынасын баяндайық. Шаһардағы Брусиловский және Астана көшелерінің қилысындағы үйлерге  жергілікті билік өкілдері орнатқан қоршау кедергі келтіріп тұр. Жерлестеріміз 2 метрлік темір дуал қойылғалы бері даланы көруден қалыпты. Оның үстіне маңайда қаңғыбастар қаптаған. Олар тасада ішімдік ішіп, ауланы қоқыс алаңына айналдырған екен.

2018-ші жылдың қараша айында Астана және Брусиловский көшелерінің қилысында орналасқан 6 үй мынандай қаңылтырмен көлегейленді. Қоршауды орнатпас бұрын жергілікті билік өкілдері баспана иелерімен бірнеше мәрте кездесіпті. Онда мамандар тұрғындарға қаланың сәндігі үшін темір дуал қоятындығын айтқан. Құрылыс өздеріне ұнамаса, біршама уақыт өткен соң не біз немесе өздерін алып тастайсыңдар деген екен. Бірақ, бәрі олай болмай шыққан.

Михаил Кошелев – қала тұрғыны:

– Қазір қоршауды бұзуға кіріссек, ақыр соңында өзімізді кінәлі қылады. Сол себепті, біз дуалды алып тастауға, шыны керек, жүрексініп отырмыз. Бұл мәселені қалалық әкімдікке бірнеше мәрте жеткіздік. Сонда мамандар бізге өздерінің ауызша уәделеріне сай келмейтін жауап қайырды. Яғни, қоршауды ала алмаймыз деген хат берді.

Желтоқсанның 21-і күні қалалық әкімдіктен берілген хат Сапар Сүлейменовтың қолында. Онда шаһардың сәндігі үшін қойылған қоршау алынбайды деп жазылған. Жалпы, темір дуал тұрғындарға кедергі келтіріп тұр. Ол қойылғалы азаматтар даладаны көруден қалыпты. Әрі маңайда қаңғыбас қаптаған екен. Үй-күйі жоқ жандар тасада ішімдік ішіп, ауланы қоқыс алаңына айналдырыпты.

Сапар Сүлейменов – қала тұрғыны:

– Дәріхана сағат 8-де ашылады. Мынандай спирт алады. Бұл 100 теңге тұрады. Сосын олар мынау колонкага келеді де сумен араластырып ішеді. 03:02 Бұрын маңай таза болатын. Забор қойылғалы маскүнемдер осында күнде келетін болды.

Қазір мұндағы тұрғындар құдықтан су ішуге қорқамыз дейді. Олар көпшіліктің ортақ мекені болып кеткен жерден, қандай да бір індетті жұқтырып алудан сескенеді. Бұл аздай, темір қоршау адамдарға қыста да кедергі келтіріпті.

Сапар Сүлейменов – қала тұрғыны:

– Мына колонка қыста қатып қалады. Құдық бағымызға орай биылғы қыста бір-ақ рет істен шықты. Сонда мамандар өздерінің техникаларымен аулаға кіре алмады. Олардың көліктері қоршаудан бері қарай өтпеді. Нәтижесінде қызметкерлер колонканы жай ғана жөндемей, түгел алмастыруға мәжбүр болды.

Шаһар тұрғындарының мәселесін қалалық әкімдік өкілдеріне жеткіздік. Олар бізге мынадай жауап қайырды.

Әсем Айтулова – Петропавл қаласы ТҮКШ бөлімінің баспасөз хатшысы:

– Бұл қоршау қаланы абаттандыру негізінде жасалды. Тұрғындар оны өздігімен алып тастай алмайды. Себебі, ол мемлекеттік мүлік болып табылады. Ал тұрғылықты мекен-жайы жоқ адамдарға келетін болсақ, бұл сұрақ полиция басқармасына жіберіледі. Ал қоқыс бір-екі күнде тазартылады.

Қалалық мәслихат депутаты, заңгер Павел Афанасьев мүлде басқаша пікірде. Ол заң тұрғындар жағында дейді.

Павел Афанасьев – заңгер, қалалық мәслихат депутаты:

– Тұрғындар Азаматтың кодекстің 9-бабы бойынша өз құқықтарын өздері қорғай алады. Яғни, азаматтар ешкімнің рұқсатынсыз қоршауды бұзуға құқылы. Ол үшін алдымен қаңылтыр мен темір бағаналарды кесіп алып, үй ауласына жинап қою керек. Сосын оны қалалық әкімдік өкілдеріне алып кетіндер деп хабарлаған жөн. Бұл үшін ешқандай айыппұл салынбайды. Негізі, заң бойынша баспана иелері ғана өздерінің аумақтарын қоршауға тиісті. Ал әкімдік ол нысандардың маңына дуал қоя алмайды.

Тағы, Павел Афанасьев үй маңына орнатылатын қоршау түрлі-түсті, аралары ашық және биік болмауы тиіс дейді. Оған қоса дуал қызметтік көліктердің кіріп-шығуына кедергі келтірмеуі керек екен.

Култанов Байболат