Қоғам

Ерік Асқаровтың 60 жылдығына арналған ғылыми конференция өтті

Елі еркелеткен Ерік. Петропавлда Ерік Асқаров атындағы облыстық жас ақындар мектебінің салтанатты түрде таспасы қиылды. Шара ғылыми конференцияға ұласты.

Ерік Асқаров атындағы ақындар мектебі өз жұмысын 2 жыл бұрын бастаған. Бүгінде мұндағы шәкірттердің жеткен жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай. 5 түрлі бағыт бойынша тәлім алатын жеткіншектер түрлі деңгейдегі жарыстардан әрдайым жүлделі оралады екен.

Жарқын Жұпархан – Ерік Асқаров атындағы облыстық жас ақындар мектебінің жетекшісі:

– Бізде 40-тан астам бала бар. Олар 5 бағыт бойынша тәлім алады.

Бүгін жас ақындар үшін қуанышты күн. Ерік Асқаровтың жолын қуған балалар өздерінің сабақтарын енді су жаңа Оқушылар сарайында жалғастырмақ.

Сегіз қырлы, бір сырлы Ерік Асқаров шығармашылыққа жастайынан әуес болыпты. Мектепте оқып жүріп сөзді қиыннан қиыстыра білген. Кейін ақындық өнері айтысқа ұласты. Бұл істе оған тең келері болмапты. 20-шы ғасырдың екінші жартысында жыр додасы қайта жандана бастағанда, ақындардың басым бөлігі өз сөздерін қағазға жазып, дайындалып келген көрінеді. Ал, теріскейлік Ерік Асқаров болса аламанда нағыз суырып салмалық дарынымен көзге түскен екен. Дәл осы қасиеті оның өмірлік жары Нәсіпжан Медиқызын да таң қалдырыпты. Нәзіжанды дарын иесімен бірге өткізген 17 жылының әрбін күнін көктемге балайды.

Нәсіпжан Асқарова – Ерік Асқаровтың зайыбы:

– 1986 жылдың көктемінде таныстық. Табан астында сөз табатын суырып салма ақынды бірінші рет көрдім. Сөйтіп, соңынан ілесіп кете бардым.

Жерлес ақын, драматург, аудармашы әрі айтыскер Ерік ағамыздың шығармашыл тұлғасы ғылыми конференцияда сөз болды. Филология ғылымдарының докторы Сағымбай Ботпайұлы прозаиктың жарық көрген әрбір кітабын талдап, зерделепті. Шара барысында ол Ерік Асқаровтың «Қаралы көш» туындысына тоқталып өтті. Бір қарағанда, әдеттегі дәстүрлі шығарма болып көрінгенімен, өзіндік ерекшелігі бар дейді филолог.

Сағымбай Ботпайұлы – Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры:

 – Шығарманың басты кейіпкері – М.Жұмабаевтың әкесі Бекен болыс. Көркем туындыда «Мағаш» деп берілген Мағжанның да өмірі барынша шынайы сипатталған. Себебі, ол кезде сөз бостандығы болмаған.

Цензураға қарамастан, от ауызды орақ тілді, қазақтың арқалы айтыскері Ерік Асқаров әрдайым шындықты мүдірмей жырлаған болатын. Аламан айтыста да ол дәл осы қасиетімен дүйім жұрттың сүйіспеншілігіне бөленген.

Жүрсін Ерман – Қазақстан айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының басқарма төрағасы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері :

– 1980 жылдардың соңы – Қызыл Империя құламай тұрған кезде, цензура бар кезде Ерік ешкімнен қорықпады. Ас үйде айтылатын әңгімелерді ол сахнаға шығарды. Колбин билік еткен кезде Ерік Республика сарайында айтқан шындығымен жиналған қауымды бір отырғызып, бір тұрғызып, адамдардың тәуелсіз санасын қалыптастыруға сеп қосты.

Отты, жігерлі, қайсар Ерік Асқаровтың аламанда көрсеткен өнері әлі де ел аузында. Нағыз жыр додасын ол қазақтың талантты ақыны Әселхан Қалыбековамен де көрсете білген екен. Біртуар тұлғаның Қазақстанның інжу маржаны – Бурабайда айтқандары нәзікжандының есінде жақсы сақталған.

Әселхан Қалыбекова – ҚР халық ақыны, Жамбыл атындағы халықаралық сыйлықтың тұңғыш лауреаты:

– Екеуміздің әніміз онша болмайтын. Домбыраға икеміміз жоқ еді. Ол «дәридайлап шығатын.

Ақкөңіл, балажан, жомарт, қазақ әдебиетінде ойып тұрып орын алған, шоқ жұлдыздардың бірі өкінішке қарай, өмірден ерте өтті. Жүрегінен жарып шыққан мол мұрасы – енді кейінгі ұрпаққа аманат.

Эльмира Садвокасова