Қоғам

Өңірдегі өзен-көлдерде аэрация жүргізілуде

Бүгінде облыс аумағында барлығы 461 су қоймасы бар. Оның 287-сі кәсіпкерлерге жалға берілген. Өзен-көлдерде балықтың түр-түрі мекен етеді. Қыс уақытында су маржандарының жаппай өліп қалмасы үшін өңірде қазір аэрация шаралары жүргізілуде.

Мөңке, көксерке, алабұға, ақтабан мен шортан. Қызылжар ауданына қарасты Лебяжье көлі – балықшылардың сүйікті мекені. Мұнда 10-нан астам түрлі су маржанына қармақ салуға болады. Алайда, олжалы қайту үшін алдымен оларды құтқару қажет. Ақпан мен наурыз айлары тіршілік иелері үшін өте қиын кезең екен. Қатқан мұздың астындағы оттегі таусыла бастайды. Салдарынан балықтар жаппай қырылып қалуы мүмкін.

Николай Константинов – «Чепурной» ШҚ бригадирі, Қызылжар ауданы:

– Балықтарды аман сақтап қалу үшін аэрация шараларын жүргізу қажет. Шаруаны біз ақпан айында бастадық. Бүгін Лебяжье көлін оттегімен байыту үшін 4-ші мәрте келіп отырмыз. Әрдайым судағы ауаның деңгейін бақылауда ұстаймыз. Оны анықтаудың екі түрі бар. Бірі – ау салу. Егер балықтар торға еніп, одан қашуға тырыспаса, оттегінің аз екенін түсінуге болады.

Ал, екінші әдіс оксиметр құрылғысы арқылы жүргізіледі. Екі бақылаудың нәтижесі көрсеткендей, Лебяжье көліндегі оттегінің деңгейі нормаға сай. Сонда да мамандар ойықтар қазуды жалғастырып жатыр.

Мына тракторды / көлді жалға алған шаруа қожалығының қызметкерлері арнайы бұрғымен жабдықтапты. Техниканың қазған жерлеріне қамыс не болмаса сабан тығылады. Ол арқылы суға оттегі өтеді. Бұл байырғы әдіс болса да әлі де өте тиімді дейді мамандар. Бірақ, трактор кейде қалың қар арқылы өте алмайтын көрінеді.

Эльмира Сәдуақасова – тілші:

– Сондықтан, көмекке мұндай бұрғылау құрылғысы келеді. Онымен, тіпті нәзікжанды да шаруаны әп сәтте-ақ тындыра алады. Аппаратпен жұмыс көп күш пен уақытты талап етпейді. Мәселен, қалыңдығы 1 метрдей болатын мұзда біз қазір 10 сек ішінде ойық жасаймыз.

Кейін оған сорғы орнатылады. Құрылғы тіршілік көзін шашырату арқылы оны оттегімен байытады. Осылайша, ауаға толған су қайтадан мұз астына кіреді. Қыста балық аулайтындардың жасайтын ойығы бұдан бірнеше есе үлкен. Бірақ, пайдасы мүлдем жоқ екен. Керісінше, қармақ құратын адамдар оттегі бар суды сыртқа шығарады да балықтарға ауа жібермейтін көрінеді. Жалпы, оттегімен байыту шаралары өңірдегі 90 су қоймасында жүргізіліп жатыр.

Ерлан Тәшімов – СҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы:

– Аэрацияны көлді жалға алған шаруашылықтар өздері өткізеді. Егер олар уақытылы құтқару шараларын жүргізбей, бұл балықтың жаппай өліп қалуына әкелсе, азаматтар жауапқа тартылады. Қалған су қоймалары жергілікті атқарушы органдардың қарамағына өткен. Облыстағы 10 өзен-көлге табиғи ерекшеліктеріне байналысты аэрация жүргізілмейді. Мәселен, судың таяздығы соның бір себебі болып саналады. Ал балықтар тұншығып қалмасы үшін ауланып алынады.

Бүгінде облыс аумағында барлығы 461 су қоймасы бар. Оның 287-сі кәсіпкерлерге жалға берілген.

Эльмира Сәдуақасова