Халық тарих толқынында

1 наурыз – Алғыс айту күні

1936 жылы Кеңес Одағында сталиндік қуғын-сүргін басталып, миллиондаған адам жер аударылды. Одан кейін кезек Ұлы Отан соғысына келді. Ол кезеңде КСРО құрамындағы елдерде өмір сүріп жатқан немістер фашистерге баланып, еңбек лагерьлеріне жіберілді. Олардың барлығы адам айтқысыз қиындықты бастан кешірді. Бірақ, кең пейіл қазақ халқы үй-күйсіз, аш-жалаңаш қалған өзге ұлт өкілдерін бөліп-жармай, бауырына басты.

Елена Иконникованың ұлтты – поляк. Жерлесіміз жетпісті желкелеп қалса да балалық шағын бес саусағындай біледі. Ол кезде нәзікжандының атасы туған-туыстарына / кезінде күштеп қоныс аударылғандықтары жайлы жиі әңгімелеп отырған.

Елена Иконникова – зейнеткер:

 – 1936 жылы атам мен әжемді және әкемді Украинадан Қазақстанға күштеп қоныс аударыпты. Олар басқа да адамдармен бірге мал таситын поезде шамамен 1 ай бойы жүріп келген. Жолда қиындықты көп көрген екен. Ішерге ас, киерге киім таппаған. Осылайша бұрындары болып көрмеген қазақ еліне жетіпті.

Украинадан депортацияланған бұл жандар Тайынша ауданының жазық даласына орналастырылады. Кейін, олар үй салып, қазіргі Донецкое елді мекенінің негізін қалайды. Қазақ жеріне қоныстанған адамдар солақай саяттың соққысын көп көрген. Мәселен, Елена Иконникованың әкесі әскери училишеге түсуге ниет танытыпты. Бірақ, ұлты поляк әрі күштеп көшірілгендіктен оқуға қабылданбаған екен.

Ал, Финценс Шохтың өмірі тіпті басқа. Азаматтың ұлты – неміс. Оның өзі де, ата-анасы да Қызылжар ауданына қарасты Асаново елді мекенінде туылыпты. Сол жерде тату-тәтті өмір кешкен екен. Бірақ, қуанышты күндер көпке созылмады. ҰОС басталған 1941 жылы айрандай ұйып отырған әулетке фашистер деген айып тағылады. Осылайша жерлесіміздің әкесі мен үлкен ағасы еңбек лагеріне жіберіледі.

Финценс Шох – зейнеткер:

– Әкем мен ағамды алып кеткен кезде анам мектепте сыпырушы болып жұмыс істеді. Сөйтіп, азды-көпті табысымен 4 баланы асырады. Біз де кішкентай болсақ та, фашист деп саналдық. Сондықтан, күнде таңертен және кешке ауылдық кеңеске барып белгіленіп отыратынбыз. Селодан ешқайда шығуға болмайтын. Ал, әкем мен ағам сол кеткеннен келмеді. Лагерде аштықтан қаза тапты.

Әкесі мен тірек болар ағасы да жоқ әрі фашист деген айып тағылған отбасыға ол кезде өмір сүру өте қиынға соғыпты. Бірақ, жанұяға бірлігі жарасқан елді мекен тұрғындары көп көмектескен екен. Оған қоса, ауылдағы ағайын өзге елдерден күштеп қоныс аударылған жандарға да жәрдемдесіпті.

Мәселен, қазір теріскейде депортацияланған шешен ұлты өкілдерінің ұрпақтары тұрып жатыр. Олар осында бәрімен бірдей білім алады, қызмет етеді. Ана тілдерінде сөйлеп, салт-дәстүрлерін сақтайды.
Мына №17 ұлттық өркендеу мектеп-кешенінің шешен-ингуш бөлімінде ана тілдерін меңгеріп жүрген ұл-қыздар өздерінің тарихтарымен жақсы таныс. Әсіресе, қыз-жігіттер кезінде ата-бабаларына қазақ халқының жасаған көмегін ұмытпақ емес.

Мадина Джабаева – қала тұрғыны:

– Әжем жергілікті халық жер аударылған адамдарды қалай қарсы алғандығын айтатын. Мысалы, менің ата-апамды көпбалалы қазақ жанұясы қамқорлығына алыпты. Оларға өздерінің туған-туыстарындай жанашыр болған екен. Мал беріпті, азық-түлікпен бөлісіп, аяққа тұруға жәрдемдесіпті. Осы үшін дархан көңіл, бауырмал қазақ халқына үлкен алғысымды білдіремін.

Қазақ халқы өзге ұлт өкілдеріне депортация жылдары ғана емес, бертін де қол ұшын созды. Оларға да ішерге ас, киерге киім берді. Мысалы, 1992 жылы Армениядан көшіп келген Анжела Маргарянның атасы мен әжесін қазақ жанұясы қамқорлығына алған екен.

Анжела Маргарян – №17 ұлттық өркендеу мектеп-кешенінің оқушысы:

– Карабах соғысы кезінде менің отбасым үйінен айрылып қалады. Осылайша атам мен әжем Қазақстанға қоныс аударады. Оларға қазақ жанұясы қамқорлық танытады. Қазір тату-тәтті тұрып жатырмыз. Жанұямызға қиын сәтте көмек қолын созған жергілікті тұрғындарға ризашылығым мол.

Иә, елімізді мекен еткен өзге ұлт өкілдерінің қазақ халқына деген алғысы шексіз. Олар Қазақстандай достығы мығым, бірлігі бекем мемлекетте өмір сүріп жатқандықтарына дән риза.

Култанов Байболат