БАҚ

«Алтын сөз 2018» байқауының жеңімпаздары анықталды

Өңір журналистері арасында ұйымдастырылған«Алтын сөз 2018» байқауының жеңімпаздары анықталды. Осымен екінші жыл қатарынан өткізіліп отырған сайысқа биыл 33 БАҚ өкілі қатысыпты. Олар 5 номинация бойынша марапатталды.

Осымен екінші жыл қатарынан өңір журналистері облыстық кәсіпкерлер палатасының іскер әйелдер кеңесі ұйымдастырған байқауда бақтарын сынауда. Биыл оған 34 БАҚ өкілі өз жұмысын жіберіпті. Биыл 6 аудандағы әріптестерімізден де өтініштер келіп түскен. Сөйтіп, сюжет, мақала, ақпараттық сайттағы жаңалық, қазылар алқасы – ұзын-саны 134 материалды қарапты.

Ляйля Сайдашева – СҚО Кәсіпкерлер палатасы іскер әйелдер кеңесінің төрайымы:

– Кәсіпкерлік саласында қалам тербейтін журналистер арасында ұйымдастырылған осынау байқау игі дәстүрге айналып келеді. Өйткені, теледидар, газет, интернет сайттарынан халық мемлекеттік бағдарламалар жайлы естіп, біліп жатады. Бизнеспен айналысуға қызығушылығы артады. Бүгіндері өз ісін ашамын дегендердің қатары артуда. Оған мемлекет көрсететін қолдау да мығым.

Бұдан кейін ұйымдастырушылар марапаттау рәсіміне кірісті. Жеңімпаздардың қатарында арнамыздың тілшісі Мағжан Ахмадина да бар. Әріптесіміздің материалдары «Мемлекеттік тілдегі үздік телевизиялық жұмыс» номинациясында топ жарды.

Мағжан Ахмадина – тілші: 

– Биыл жазда біздер «Тайынша Астық» серіктестігінің сұйық тыңайтқыштар шығаратын зауытының ашылуына бардық. Тақырыптың өзі қызықты болды. Сол материалды осы байқауға жібердім. Одан өзге де 6-7 жұмысым болды. Жалпы, біздер материалды әзірлегенде оны барынша қызықты етіп, көрерменге жеткізуге тырысамыз.

Ал «Орыс тіліндегі үздік телевизиялық жұмыс» номинициясында «Евразия» бірінші арнасының өңірдегі меншікті тілшісі Ольга Витукеевич жеңімпаз атанса, Солтүстік Қазақстан газетінің тілшісі Қанат Атамановқа «Мемлекеттік тілдегі үздік баспа материалы» аталымында ешкім тең келмеді. Нақ осындай жүлдеге тек орыс тілді басылымдар арасында «Добрый вечер» газетіндегі әріптесім Ерлан Оразов қол жеткізді. Интернет басылымдары арасында «БАҚ» республикалық ақпараттық сайтының меншікті тілшісі Эльмира Кәленова топ жарды. Жеңімпаздар грамота мен сертификаттарға ие болды. Бұдан бөлек, 9 лауреат та анықталып, оларға да сыйлықтар табыс етілді. Ал қалған қатысушыларға алғыс хаттар берілді.

Мағжан Ахмадина