Білім

Петропавлда облыстық “Үздік педагог” байқауы өтті

Облыстық байқауда аудандық, қалалық сындарда жеңіске жеткен үздік тәрбиешілер жиылған. Сайыста олар 4 кезеңнен тұратын тапсырмаларды орындау керек. Ең алдымен, қатысушылар қазылар алқасына осыған дейін тапсырған шығармашылық портфолиоларын таныстырып, авторлық жобаларын қорғайды.
Байқаудың іріктеу кезеңінде облыс бойынша 180 тәрбиеші осындай портфолияларын дайындап, өз мамандықтары жайлы эссе жазған болатын. Олардың арасынан сүрінбей өткен 14-і ғана бүгінгі сайыста бағын сынамақ. Солардың бірі – 23 жасар Мадина Есентаева. Тимирязев ауданынан келген жас маман жеңіске жететініне сенімді.

Мадина Есентаева:

– Мен бұл сайысқа бірінші рет қатысып тұрмын. Шараға үлкен дайындықпен келдім. Мамандығым қиын болса да жақсы көремін.

Мектепке дейінгі “Үздік педагог” байқауы өңірде жыл сайын өткізіледі. Ұйымдастырушылардың сөзінше, мұндай сайыстар тәрбиешілердің кәсіби біліктіліктерін арттыруға көмектеседі.

Роза Сәркен:

– Бүгінгі сайыс қатысушылардың кәсіби құзыреттілігі жоғарылап қана қоймай, педагогикалық және кәсіби шеберліктері ұшталады.

Байқаудың соңында барлық қатысушыларға дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталмақ. Ал үздік ұстаз атанғаны республикалық кезеңге өтеді.

Альмира Жетписбай