Қоғам

“Қасиетті үштік” храмына – 25 жыл

Биыл Петропавлдағы “Қасиетті үштік” храмының құрылғанына 25 жыл толып отыр. Осыған орай теріске жеріне Польшадан, Ресей мен көршілес өңірлерден католик сеніміндегі 30-дан аса діндар жиылды. Олар облыс орталығында жұмаға дейін болып, Құдайға құлшылық етпек.

 

Аса қасиетті Дева Мария Архиепархиясы Астана қаласында орналасқан. Оның дін қызметшілері жылда Қазақстанның солтүстік өңірлерінде бас қосады. Кездесуде тәжірибе алмасады, білген-түйгендерімен бөліседі. Биыл құдайға құлшылық ететін жандар Петропавлға келіп отыр.

Томаш Пэта – Аса қасиетті Дева Мария Архиепархиясының архиепископ-митрополиті, Астана қаласы:

– Петропавлға келуімізге Қасиетті үштік храмының мерейтойы себепкер болды. Биыл бұл орынға 25 жыл толып отыр. Храмға түрлі елдерден діндарлар келіп, Құдайға құлшылық етеді. Біз жұмаға дейін осында боламыз. Дұға оқимыз, тұрғындармен кездесеміз.

Жалпы, теріскейге католик дінінің 30-дан астам өкілі келген. Олардың арасында Польша, Ресей мен көршілес өңірлердің діндарлары бар. Бүгін бұл қонақтарға – туриндік қасиетті жәдігердің көшірмесі көрсетілді. Оның тарихымен Варшавадан арнайы шақыртылған профессор бөлісті. Сенім бойынша қайтыс болған Иисус Христостың денесі осы матамен оралыпты.

Томаш Якубчак – “Қасиетті үштік” рим-католиктік храмының настоятелі:

– Иисус Христос қайта тірілгеннен кейін осы матада оның денесінің іздері қалған. Бұны көптеген ғалымдар зертеді. Олардың сөзінше, мұндай жәдігер адамның қолымен жасалмаған. Оны қазіргі заманауи техниканың өзімен әзірлеу мүмкін емес. Осындан-ақ, Иисус Христос қайта дүниеге келгенін ұғынамыз.

Айта кетейік, қаламызға қасиетті жәдігердің көшірмесі осыдан 1 ай бұрын әкеліпті. Ол шаһарда қыркүйектің 14-іне дейін болмақ. Құнды дүниемен тұрғындар “Аса қасиетті Иисустің жүрегі” храмында таныса алады.

Байболат  Култанов